Шымкентте жайма базар қашан жойылады

16.05.2025 19:12

Шенеуніктердің сөзіне сенсек, биылдан қалмай жабайы базар орны жасыл желекке айналады

Шымкентте бей-берекет сауда орындары әлі де жойылар емес. Қазір қала көшелерінде ескі-құсқы заттарды сататын саудагерлер жетерлік. Ал мегаполис халқы жайма базарды жою туралы арызға әкімдіктің еш әрекет етпегенін айтып наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шымкенттің орталығына жақын көшенің базарға айналғанына үш жылға жуықтады. Мұндағы саудагерлер тіпті ескі киім-кешектерін тұрғын үйлердің терезелері мен ағаштарға іліп сатады. Ол ол ма, балалар алаңында дәрет сындырып кететіндер де аз емес көрінеді. Мұндай көрініс жұртшылықтың төзімін әбден тауысқан.

«Сарайдың артын әжет ханаға айналдырған. Балалар алаңына да дәрет сындырып кетеді. Терезені аша алмаймыз, сасық иіс шығады», – деді қала тұрғыны Жаңыл Ғабитова.

Жұрттың жайма базарды жабуды сұрап бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Бұл жолы тұрғындар түсіру тобымен келген соң сатушылардың біразы заттарын жинап, кетіп қалды. Десе де бетін орамалмен тұмшалап алғандар саудасын жалғастыра берді. Олардың да айтар уәжі бар.

 «Әкімдік қала сыртынан орын ұсынды. Біз онсыз да ескі-құсқыны сатып күнелтеміз. Мұндай затты алу үшін қаланың шетіне кім барады?! Ал бұл жерден адамдар көп өтеді. Солардың кейбірі тоқтап, тауарымызды сатып алады. Егер осы маңнан орын берілсе, ешкімнің мазасын алмас едік», – деді сатушы Татьяна Скобельцова.

Жергілікті әкімдік көшедегі саудагерлердің көбі көршілес Түркістан облысынан келетінін айтты. Олардың саны елуден асады. Бұған дейін полиция бірнеше рет ескерту жасаған, айыппұл да салған. Бірақ соған қарамастан, көше саудасы тоқтар емес.

«Аулаға шығатын жерді жауып, тұрғындардың мәселесін шешуге тырысамыз. Полиция қызметкерлерімен бірге, рейдтік жұмыс жасап жатырмыз», – деді Тұран ауданы әкімдігі Кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы Ермұхамет Мұсабек.

Шенеуніктердің сөзіне сенсек, биылдан қалмай жабайы базар орны жасыл желекке айналады. Бірақ саудагерлердің бұл орыннан кетер түрі жоқ.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков,Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Шымкентте жаңа тұрғын үй кешені үшін қадалардың бірегей сынағы өтіп жатыр