Шымкентте ауаға таралатын зиянды шығындылар артқан

09.06.2025 13:59

Жауапты органдар мегаполистегі өндіріс орындары жіті бақылауда екенін айтты 

Шымкентте экологиялық ахуал күрделі. Мұны салаға жауапты басқарманың өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Дерекке сүйенсек, кейінгі 3 жылда ауаға таралатын зиянды шығындылар 31 мың тоннадан 44 мың тоннаға дейін өскен. Бұл жағдайға қала аумағында индустриалды аймақтардың көбеюі, жаңа зауыттардың іске қосылуы мен көлік қозғалысының артуы себеп болған көрінеді.

«Жылдың басынан бері 20 млндай штраф салынды. Бұл 5 айда жасалған жұмыстың нәтижесі. Кәсіпорындар тазалау қондырғысыз жұмыс істейді не болмаса түнгі уақытта өшіріп қояды. Рұқсат құжаттары жоқ. Сондай мәселелер бойынша штраф салынған», – деді Экология департаментінің басшысы Ермахан Қозыбаев.

Жауапты органдар мегаполистегі өндіріс орындары жіті бақылауда екенін айтты. Қазіргі таңда қаладағы төрт ірі кәсіпорынға автоматтандырылған бақылау жүйесі орнатылды. Бұл жүйе арқылы зауыттардың ауаға қаншалықты зиянды қалдық шығарып жатқаны қадағаланбақ.

Оқи  отырыңыз: Алматыда «Жасыл ел» еңбек маусымының ашылу салтанаты өтті