Шымкентте мектеп директоры мен есепшісі 8 жылға сотталды

23.05.2025 14:31

Үкім заңды күшіне енген жоқ

Аlmaty.tv

Шымкентте мектеп директоры мен есепшісі 8 жылға сотталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында сотталушылар Д. мен Б.-ға қатысты мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам бола тұра, өзінің қызмет бабын пайдаланумен ұштастыра отырып адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде иемдену және талан таражға салу және өзінің лауазымдық жағдайына байланысты пара берушінің пайдасына жасаған әрекеті үшін пара алу (ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы, 366-бабының 1-бөлігі) деректері бойынша қылмыстық іс қаралды.

«Істі қарау нәтижесімен анықталғандай, Б. Шымкент қаласындағы жалпы орта мектеп директоры қызметін атқарып жүріп, 2022 жылдың ақпаны мен 2024 жылдың тамызы аралығында бас есепші Д.-мен адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен ақшалай пайда табу мақсатында, мұғалімдерге еңбек жалақысынан артық ақша аударып, ол ақшаларды Д. өзінің және туыстарының шотына аударым жасатып және қолма қол алып, мемлекетке жалпы 71 млн теңгеден аса мүліктік залал келтірген.

Одан бөлек, Б. 2022 жылы декреттік демалыстағы мұғалімнің бала күтімінен мерзімінен бұрын жұмысқа шыққаны үшін 150 мың теңгені оқу ісі жөніндегі орынбасары М. арқылы пара ретінде алған», - делінген сот хабарламасында.

Сотталушы Д. кінәсін толық мойындап, өзіне жеңіл жаза тағайындауды, ал сотталушы Б. айыпты мойындамай, өзін ақтауды сұрады.

Жаза тағайындау барысында сот сотталушы Д.-ның қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар ретінде жасаған әрекетіне шын өкініш білдіргенін, жасөспірім балалары болғанын ескерді, ауырлататын мән-жайлар жоқ. Ал сотталушы Б.-ның қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар жоқ деп таныды.

«Сот үкімімен сотталушылар кінәлі деп танылып, олар мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, әрқайсына 8 (сегіз) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енбеді.

Оқи отырыңыз: Samruk-Kazyna Construction-ның бұрынғы директорына халықаралық іздеу жарияланды