2017 жылы нысанның нарықтық құны 1,2 миллиард теңгеге бағаланған болатын
Шымкенттегі "Орталық су-спорт кешені" мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Еске салсақ, 2017 жылы нысанның нарықтық құны 1,2 миллиард теңгеге бағаланып, сенімгерлік басқаруға берілген еді. Келісімшартқа сәйкес, жекеге алғандар спорт мекемесіне жыл сайын 500 млн теңге инвестиция салып, салықтарды уақытылы төлеуі керек болған.
Дегенмен тексеріс барысында бұл талаптардың орындалмағаны белгілі болды. Тіпті нысанның қабырғалары қақырап, едені опырылыпты. Құрылымдық элементтері де қатты тозып, кешеннің қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтіні анықталған. Әрі басқарушы компанияның салықтық берешегі 111 миллион теңгеге жетіп, коммуналдық қарыздары да қордаланып қалған көрінеді.
Енді сот шешімімен барлық міндетті төлемдер 1 ай ішінде төленуі тиіс.
"Қала басшысы нақты тапсырма берді. Ол бойынша Құрылыс басқармасымен бірігіп жұмыс атқарылып жатыр. Толық тексеруден соң тез арада күрделі жөндеуден өткізіп, іске қосатын боламыз", - деді Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков.
Оқи отырыңыз: ҚБТУ-дағы өрт: төтеншеліктердің арқасында тілсіз жау үлкен аумаққа таралмады