Шымкентте такси жүргізушісіне шабуыл жасаған екеуге сот үкімі шықты

07.06.2025 17:53

27 жастағы айыпталушылар кінәсін мойындап, келтірілген залалды өтеген

Аlmaty.tv

Шымкентте есту және сөйлеу қабілетінен айырылған жүргізушіге шабуыл жасаған екі ер адамға сот үкім шығарды. Айыпталушылар қарақшылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Олардың бірі 3 жыл 9 айға, екіншісі 3 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Оtyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот екі жас жігітті есту және сөйлеу қабілеті жоқ такси жүргізушісіне шабуыл жасағаны үшін кінәлі деп тапты. Олар жүргізушіні соққыға жығып, екі ұялы телефонын тартып алып, оқиға орнынан қашып кеткен. Олардың әрекеті Қылмыстық кодекстің "Тонау" бабы бойынша сараланған.

«Шабуыл жасағандардың бірі Қылмыстық кодекстің 191-бабы 2-бөлігі, 1 және 3-тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл 9 айға бас бостандығынан айырылды. Екіншісі де сол бап бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға сотталды», — деп хабарлайды Жоғарғы соттың Сот кабинеті ақпараттық жүйесі.

Іс материалдарына сәйкес, қылмыс «Көктем» базары маңында болған. Екі жолаушы қажетті мекенжайға жеткен соң, жүргізушінің сөйлей және ести алмайтынын байқаған. Төлем жасаудың орнына олар жүргізушіні ұрып-соғып, жалпы құны 180 мың теңгеден асатын екі телефонын алып кеткен.

Сондай-ақ Жоғарғы соттың Сот кабинетінің ақпараттық жүйесінде көрсетілгендей, Жасұлан Бәкіров бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылған, яғни 2019 жылы адам тонағаны үшін сотталған. Ал Мақсат Тасболатов 2024 жылы ұрлық жасағаны үшін 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған.

Екі айыпталушы да 27 жаста. Олар кінәсін мойындап, келтірілген залалды өтеген. Енді жазасын ҚАЖ мекемелерінің ең жоғары қауіпсіздік деңгейіндегі түрмелерінде өтейтін болады.

Оқи отырыңыз: Өскеменде ер адамды ұрлап әкеткен топ оны соққыға жығып, өлі денесін дәрігерлерге тапсырған