Шымкенттегі Қошқар ата өзені күл-қоқыстың ордасына айналды

Мамандардың айтуынша, бұрын қаптап жүретін ақбалық бүгінде жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкенттегі Қошқар ата өзені күл-қоқыстың ордасына айналды. Бүгінде су айдынына тұрмыстық та, өндірістік те қалдықтар тоқтаусыз төгіліп жатыр деп табиғат жанашырлары дабыл қағып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кезінде мөлдір ағысымен көз тартқан Қошқар атаның бүгінгі күйі осындай. Өзеннің түбі мен беті қоқысқа толып, жағасы ластанып кеткен. Салдарынан мұндағы балық қоры да күрт азайыпты. Мамандардың айтуынша, бұрын қаптап жүретін ақбалық бүгінде жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр.

«Қошқар ата өзенін тұрғындар кәріз орнына пайдаланып отыр. Олар өздерінің қалдық суларын түгел дерлік осында ағызып жатыр. Себеп – орталық кәріз жүйесінің жоқтығы. Сондықтан билік шұғыл әрекет етіп, жағдайды реттеуі тиіс деп ойлаймын», – деді экобелсенді Сергей Ефремов.

Қала әкімдігі мәселені жақсы біледі. Дегенмен қазір оны түбегейлі шешуге мүмкіндік жоқ. Сондықтан өзеннің экологиялық ахуалы жақын арады түзеледі деу қиын.

«Қазіргі таңда кәрізді тазарту станцияларының қуатты аз. Барлық жерде кәріз құбырларын жүргізуге мүмкіндігіміз жоқ. Сол себепті өзенді ластап жатыр», – деді Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының маманы Мадина Нұржанова

Осылайша, 15 жыл бұрын ерекше қорғалатын нысан мәртебесін алған Қошқар ата өзені әлі күнге қорғалмай келеді. Экобелсенділер, тіпті кей кезде су айдынының құрылыс қалдықтарына толатынын да айтты. Сондықтан олар жағалаудың 35 метрін түгел тазартуды талап етіп отыр.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Таразда мектеп оқушысы пышақ жарақатынан қаза тапты

Новости партнеров