Шымкенттіктер қаладағы зират пен мал базарына баратын жолдың жайына наразы

13.06.2025 20:13

Жергілікті халық жауаптылардың сөзіне сене қоймады

Шымкенттіктер қаладағы зират пен мал базарына баратын жолдың жайына наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мегаполистегі христиан зиратына апарар жалғыз тас-жолдың күрделі жөндеу көрмегеніне 7 жылдан асыпты. Ал мазар жанында ауыр жүк көліктері зулап өтетін үлкен көше жатыр. Қалаға қайтқысы келгендер сол жолды әрең кесіп өтеді. Себебі мұнда жүргіншілер жолағы мен бағдаршам жоқ. 

«Қанша жыл өтті, әлі күнге дейін жолды жөндемеген. Жаяу түгіл, көлікпен де жүріп өте алмайсың. Жолдың тас-талқаны шығып жатыр», – деді қала тұрғыны Бақтияр Атамұратов.

Жол бойында автобустар тоқтайтын толыққанды аялдама да қарастырылмаған. Байқағанымыздай, тек белгісі ғана орнатылған. Ал әкімдік өкілдері бұл аумақты халық көп шоғырланған жердегі жұмыстар аяқталғаннан кейін ғана ретке келтірмек.

«Жылдың соңына дейін аялдама орнатылады. Қазір уақытша жол белгісі орнатылатын болады.  Ал мазарға баратын жол Құрсай, Қазығұрт елдімекендерінің іші толық асфальтпен қамтылғаннан кейін жөнделеді», – деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Бекзат Тынышбеков.

Жергілікті халық жауаптылардың сөзіне сене қоймады. Себебі азаматтар мұндай құрғақ сөзді жылдар бойы естіп келеетінін айтты. Ал әкімдіктің айтылған жұмысты нақты қашан, қалай бастайтыны әзірге белгісіз.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Он үш жастағы туыс қарындасын зорлап келген: сот үкімі шықты