Сібір жарасы: Атырауда мал базары жабылды

21.11.2024 18:41

Аймақта карантин енгізілген жоқ

Атырауда өлген сиырдан сібір жарасы анықталды. Соған байланысты қаладағы мал базары толықтай тексерістен өту үшін 2 аптаға жабылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

12қарашада Оралдан әкелінген сиырдан Сібір жарасы анықталған. Сауда орны жұмысын тоқтатты. Мамандар төрт-түліктен сынама алып, зертханаға жіберген. Малдары базарда қалып қойған кәсіпкерлер наразылық білдіріп жатыр. Олардың малдың бірнеше күннен бері күтімсіз тұрғанын айтып, шағымданды.

"Ауру болатын болса, қасына тұрған малдар өлмей ме? Адам ауырмай ма? Анықтаманы малды тексеріп бермей ме? Біздің қандай кінәміз бар?" – деді кәсіпкер Айдос Сайфеденов.

"Екі аптаға жабамыз" деп жатыр.  Жабылғасын малдың жем-шөбін кім береді? Жауапты адам жоқ.  Оның бәрі шығын", – деді кәсіпкер Махамбет Мақатов.

Көп ұзамай, жауаптылар Сібір жарасы анықталғанын растады. Ауру малдың өлексесін өртеп, көзін жойған. Базарда қазір 56 сиыр, 79 ұсақ мал, 7 жылқы бар. Барлық төрт -түліктен сынама алынып жатыр.

"Сауда орны жабылды, вакцинация жасалып, 14 күн бақылауға алынады. Дезинфекция жұмыстары жүргізіледі. Қала карантинге жабылмайды. Басқа жерден ондай індет анықталған жоқ", – деді Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Аумақтық инспекциясы басшысының міндетін уақытша атқарушы Нұркен Баяров.

Шаһарда 5 мал базары бар. Қазір сауда орындары тексерістен өтіп, дезинфекция жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аймақта карантин енгізілген жоқ.

Жұлдыз Қайратқызы, Нұрбек Шәйден, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Жер қойнауын заңсыз пайдаланған: Түркістан облысында 4 қылмыстық іс қозғалды