СҚО-да бейберекет қоқыс орындары дрондар арқылы анықталып жатыр
Қоғамдық орындарға 400-ге жуық бейнебақылау камерасын орнату жоспарланып отыр
Солтүстік Қазақстан облысында бейберекет қоқыс төгілген аумақтарды енді әуеден анықтап жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өңірді дрондармен бақылау тек көше мен аулаларды ғана емес, саябақтар мен гүлзарларды, Есіл өзенінің жағалауын да қамтыпты. Осы уақытқа дейін облыста 88 орын анықталып, оның 40-ы тазартылған. Ал қоршаған ортаның ластануына жол бергендер жауапкершілікке тартылған.
«Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты прокуратура жауапты мекемелерге 8 қадағалау актісін енгізді. Нәтижесінде ауылдық округ әкімдері мен аудан әкімдіктерінің бірқатар лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал абаттандыру талаптарын сақтамай, қоғамдық орындардың қоқыспен ластануына жол берген азаматтарға әкімшілік жаза қолданылды», – деді Мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасының прокуроры Ерұлан Бимендин.
Қазір өңірде заңсыз қоқыс орындарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Осы уақытқа дейін аумақтардан 10 мың тоннадан астам қалдық шығарылған. Ал тазалықты тұрақты бақылауда ұстау үшін қоғамдық орындарға 400-ге жуық бейнебақылау камерасын орнату жоспарланып отыр.
Оқи отырыңыз: Қауіпті жол: Кемертоғандықтар балаларын мектепке қалай жіберерін білмей отыр