Ми-8 экипаждары бір жылдың өзінде мыңға жуық әуе рейд жүргізген
Шығыс Қазақстанда браконьерлерге қарсы әуе бақылауы күшейтіліп жатыр. Авиабарлау топтары бұған дейін баруға мүмкіндік болмаған алыс өңірлерді қамти бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тікұшақтың бортынан инспекторлар жердегі патруль көз жеткізе алмайтын талай жайтты айқын көре алады. Мәселен, балықшылардың жасырын тұрақтары, тау бөктерін бойлай жүрген техникалардың іздері биіктіктен анық байқалады. Өңірде табиғатты қорғау ісінде осындай жедел әрі ұтқыр бақылау тәсіліне ерекше мән беріліп отыр. Соның нәтижесінде Ми-8 экипаждары бір жылдың өзінде мыңға жуық әуе рейд жүргізген. Ұшу кезінде түрлі құқықбұзушылықтың беті ашылып, тіркеліпті.
«Черемшан ауылдық округінде шырша тұқымдас ағаштардың заңсыз кесілу фактісі анықталды. Барлығы 9 түп тал шабылған. Бұл дерек бойынша Глубокое аудандық құқық қорғау органдарына хабар берілді. Қазір әкімшілік және қылмыстық іс қозғау мәселесі қарастырылып жатыр», – деді Орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі жөніндегі аумақтық инспекцияның маманы Дархан Ерсалин.
Тағы бір кезекті әуе рейді басталды. Бұл жолы тікұшақ бағытын таудан ағатын Громотуха өзеніне бұрды. Себебі дәл осы жерде браконьерлердің нысанасына жиі ілігетін құнды балық түрлері бар екен. Десе де, әуеден жүргізілетін қатаң бақылау браконьерлердің әрекетін дер кезінде анықтап, жолын кесуге мүмкіндік береді.
«Браконьерлердің техникалық мүмкіндігі бізден әлдеқайда жоғары. Сол себепті оларға қарсы әрекетті алдын ала жоспарлап, жылдам қимылдауымыз қажет. Бұл ретте әуеден барлау әдісі тиімді», – деді «Қазәуеорманқорғау» мекемесінің аға инспекторы Владимир Санаров.
Рейдтен кейінгі барлық деректер табиғатты қорғау полициясына жолданады. Олар анықталған құқықбұзушылықтарға жаза тағайындайды. Бүгінде мыңнан астам браконьерге айыппұл тағылды.
«Шығыс Қазақстан облысы аумағында шамамен 200-ге жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 2 қылмыстық іс қозғалды. Біздің басты міндетіміз – экологиялық қылмыстардың жолын кесу», – деді Табиғатты қорғау полициясының аға инспекторы Әсет Қизатов.
Өңірде тікұшақтармен браконьерлерді барлау қымбатқа соғады екен. Мәселен бір рет ұшып өту шамамен бір миллион теңгені қажет етеді. Сол себепті табиғатты қорғау инспекторлары қашықтан басқарылатын дрондарды қолдануды жоспарлап отыр. Биылдың өзінде оннан астам кәсіби құрылғы сатып алынған.
Мәди Мәлік, Руслан Мұхамедьяров, ШҚО
Оқи отырыңыз: Ер азаматтарға декреттегі уақыты үшін еңбек өтілі есептелінеді