СҚО-да интернет-алаяқтар зейнеткердің 7 млн теңгесін иемденіп кеткен

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Алаяқтар «инвестициялық бизнестің» жоғары табыс әкелетініне сендірген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Солтүстік Қазақстан облысында полиция зейнеткерге қатысты 7 миллион теңге шығын келтірген интернет-алаяқтықты тергеліп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Облыстық полиция департаментінен хабарлағандай, полицияға интернет-алаяқтардың құрбаны болған Петропавл қаласының 77 жастағы тұрғыны жүгінді.

Оның айтуынша, Instagram әлеуметтік желісінде жарияланған инвестиция арқылы қомақты табыс табу туралы жарнамаға сеніп қалған. Ол сілтеме арқылы өтіп, байланыс деректерін қалдырған.

Алаяқтар әйелге хабарласып, «инвестициялық бизнестің» жоғары табыс әкелетініне сендірген.

Сәуір айының соңынан мамыр айының басына дейін олар зейнеткердің барлық жинаған қаражатын иемденген.

Келтірілген шығын көлемі 7 миллион теңгеден асты.

Қылмыскерлер байланысқа шығуды тоқтатқаннан кейін әйел полицияға жүгінген.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Қазіргі уақытта полицейлер жәбірленушінің ақшасын елден шығаруға пайдаланылған шот иелері — үш дропперді анықтады.

Әйелдің азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен олардан келтірілген шығынды өндіріп алуға мүмкіндігі бар.

Полицейлер азаматтарды егде жастағы туыстары мен жақындарын интернет-алаяқтық қаупі туралы ескертуге шақырады.

Интернеттегі хабарландыруларға сақтықпен қарап, күмән тудыратын тиімді ұсыныстарға сенбеу қажет. Қаржыға қатысты кез келген ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексерген жөн.

Оқи отырыңыз: Талдықорғанда тұрғын үйдің шатырынан жылан табылды

Новости партнеров