Алғашқы кезеңде қажетті мәліметтерді учаскелік полиция инспекторлары жинады
СҚО-ның Мағжан Жұмабаев ауданында полицейлер жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ сегіз тұрғынға жеке куәлік рәсімдеуге көмектесті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Құжатсыз жүруге әртүрлі себеп болуы мүмкін. Бұл әрдайым жауапсыздықтың немесе немқұрайдылықтың салдары емес. Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданының 61 жастағы тұрғыны 1980-жылдары әскер қатарында қызмет етіп, сол жерде жүргізуші мамандығын меңгерген. Кейін өмір бойы автобус пен жүк көліктерін жүргізіп, түрлі кәсіпорындарда еңбек еткен. Алайда өмірлік жағдайларға байланысты Қазақстан Республикасының құжаттарын ала алмаған.
Соңғы жылдары ол кездейсоқ жұмыстардан түскен табысқа күн көруге мәжбүр болған. Енді жеке куәлігін алғаннан кейін ресми жұмысқа орналасып, медициналық қызметтер мен әлеуметтік жеңілдіктерді пайдалана алады.
Бұл – мұндай жалғыз жағдай емес. Мағжан Жұмабаев ауданында полицейлер жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ азаматтарды анықтап, оларды құжаттандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізді.
Алғашқы кезеңде қажетті мәліметтерді учаскелік полиция инспекторлары жинады. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері де елді мекендерге барып, тиісті жұмыстар атқарды.
«Әрбір жағдай бойынша құзырлы органдарға, соның ішінде жақын және алыс шетелдердің тиісті мекемелеріне сұрау салулар жолданды. Азаматтардың басқа мемлекеттің азаматы еместігін растау үшін қажетті тексеру шаралары жүргізілді. Аудандық полиция бөлімінің бастығы Асан Мейрамовтың айтуынша, қазіргі таңда ауданда 8 адам 1974 жылғы үлгідегі төлқұжаттарын Қазақстан Республикасы азаматының құжаттарына ауыстырған немесе алғаш рет жеке куәлік алған. Көші-қон қызметінің мамандары азаматтықты анықтау және растау үшін көптеген тексеру жүргізілетінін атап өтті. Соған қарамастан, бұл қызмет түрі азаматтарға тегін көрсетіледі», – делінген ПД хабарламасында.
Биыл СҚО-да 38 адамның құқықтық мәртебесі реттеліп, тағы 75 азаматқа қатысты материал қаралу үстінде.
Оқи отырыңыз: Әйел кәсіпкерлерге арналған ұлттық аналитикалық платформа іске қосылды