СҚО-да орманға таралған өрт сөндірілді

19.04.2026 11:21

Өрт шалған аумақтың көлемі 7,7 гектарды құрады

Видеодан кадр

Солтүстік Қазақстан облысындағы орман алқабына төнген қауіп сейілді. Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары мен тиісті қызметтердің жедел әрекетінің арқасында тілсіз жау толығымен ауыздықталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Ведомство мәліметінше, өрт Есіл ауданына қарасты Жаңалық ауылының маңында басталған.

Алдымен ашық аумақтағы құрғақ шөп жанып, кейін желдің әсерінен от орман шаруашылығына қарай жылдам таралған.

Алдын ала болжам бойынша, өрт шалған аумақтың көлемі 7,7 гектарды құрады.

"Өртті сөндіру жұмыстары екпінді желдің салдарынан күрделене түсті. Оқиға орнында жедел штаб құрылып, тілсіз жаумен күреске төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен техникасы, орман шаруашылығы қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар өкілдері және ерікті өрт сөндіру жасақтары жұмылдырылды", - делінген хабарламада.

Іс-қимылды тиімді үйлестіру үшін оқиға орнынан департаменттің дағдарыс орталығымен бейнеконференцбайланыс орнатылды. Барлық қызметтің үйлесімді әрекетінің нәтижесінде өрт толық сөндірілді.

Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.

Оқи отырыңыз: Маңғыстауда балабақша төңірегінде дау шықты: ата-аналар тексеріс талап етті