ШҚО-да URPAQ жобасы жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алды

14.05.2026 11:39

Қауіптің алдын алуға анонимді хабарлама көмектескен

Аlmaty.tv

Шығыс Қазақстан облысында прокуратура бастамасымен іске қосылған «URPAQ» жобасының арқасында жасөспірімдер арасындағы ықтимал зорлық-зомбылық дерегі дер кезінде тоқтатылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv

ШҚО прокуратурасының хабарлауынша, анонимді хабарлама қауіптің алдын алуға көмектескен. 

Прокуратураның мәліметінше, 2024 жылы іске қосылған «URPAQ» жобасы балалар мен ата-аналарға буллинг, зорлық-зомбылық және өзге де қауіптер туралы анонимді түрде хабарлауға мүмкіндік береді.

"Осы жылдың сәуір айында «URPAQ» чат-ботына кәмелетке толмаған баладан топтық қысым мен физикалық зорлық-зомбылық жасалуы мүмкін екені туралы анонимді хабарлама түскен.

Хабарлама түскеннен кейін Тарбағатай ауданының прокуратурасы мен полиция қызметкерлері жедел әрекет етіп, жағдайды дер кезінде бақылауға алған. Нәтижесінде ықтимал жанжалдың алдын алынып, жасөспірімнің өмірі мен денсаулығына қауіп төнуіне жол берілмеген", - делінген прокуратура хабарламасында.

Аталған факті бойынша құқық бұзушылыққа оқталуға қатысты кәмелетке толмағандардың ата-аналарына ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы (балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. 

Сонымен қатар барлық қатысушылармен және олардың заңды өкілдерімен профилактикалық және психологиялық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

ШҚО прокуратурасы «@VKO_URPAQ_BOT» телеграм-боты тәулік бойы жұмыс істейтінін еске салды және мұндай цифрлық құралдар балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Оқи отырыңыз: Үкімет басшысы жеңіл өнеркәсіпті дамыту тәсілдерін қайта қарауды тапсырды