Жаңа стансаны салудағы негізгі мақсат – жылу тапшылығын жою
ШҚО-да Шемонаиха қаласы мен Усть-Таловка кентінің тұрғындары жуырда толық жылумен қамтылады. Құбырлардағы қысымның төмендігінен қыста шеткері аудандардағы пәтерлердің температурасы белгіленген межеден түсіп кетеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сорғы стансасының құрылысы аяқталуға жақын. Үлкен құбырлар жылу магистраліне жалғанып, сорғы қондырғылары орнатылған. Алайда станса әзірге жұмыс істемей тұр. Себебі нысанға тұрақты электр қуаты әлі қосылмаған.
«Қысымның бәрі қалыпты. Қазандықпен бірге келіп қарап отырамыз, манометр, термометр – бәрі осында орнатылған. Енді электр қуатын қосып, сорғыны іске қосу ғана қалды. Қалғанының бәрі дайын», – деді мердігер ұйымның өкілі Қуат Кенжеханов.
Маңайдағы көпқабатты үйлердің тұрғындары жылы киімдерін әзірлеп әлек. Гүлназ Қазыбекқызының айтуынша, әр қыс сайын бөлмелердегі температура тиісті межеге әрең жетеді. Ал жылытқыштарды пайдалану отбасының қаржысына салмақ салады.
«Батареялар бар, бірақ жылуы жоқ. Үйіміз салқын. Қазір де аяз түссе болды, тоңып қаламыз. Өз күшімізбен жылу оқшаулау жұмыстарын жасадық», – деді Шемонаиха қаласының тұрғыны Гүлназ Қазыбекқызы.
Жаңа стансаны салудағы негізгі мақсат – жылу тапшылығын жою. Қолданыстағы жүйенің қуаты тұрғындардың сұранысын толық өтеуге жетпейді. Әсіресе жоғарғы қабаттар мен жылу желісінің шеткі тармақтарына ыстық су тиісті қысыммен бармайды.
«Қысым күшейеді, жылу да артады. Бұрын жылу жетпеген жерлерге енді ыстық су тиісті қысыммен барады», – деді слесарь-құрастырушы Асхат Маржанов.
Әйтсе де құрылыс жұмыстары мерзімінен кешіктірілді. Өткен жылы бюджеттен бөлінетін қаржы уақытылы түспегендіктен, нысандағы жұмыс тоқтап қала жаздаған. Мердігер ұйым құрылысты өз қаражаты есебінен жалғастырған.
«Облыстық бюджеттен 75 миллион теңгедей қаржы қарастырылған. Бюджеттік өтінім облыстық мәслихат сессиясына бірнеше рет енгізілді. Өздеріңіз білесіздер, барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттік мерзімі аяқталып, жаңадан сайланды. Жаңа шақырылымдағы мәслихатқа осы жоба бойынша қосымша 75 миллион теңгеге бюджеттік өтінім қайта енгізіледі. Бұл нысанды қаржыландыру мәселесі – біздің ерекше бақылауымызда», – деді Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы бөлімінің басшысы Досжан Сейітқамал.
Айта кетейік, сорғы стансасын толық іске қосу желтоқсан айының басына жоспарланып отыр.
Айдана Шалқар, Руслан Мұхамедьяров, ШҚО
Оқи отырыңыз: Тұтынушылар құқығы: биыл қазақстандықтарға 2,17 млрд теңгеден астам қаржы қайтарылды