СҚО-да жұрты төрт түлігін жайылымға жібере алмай отыр

16.06.2026 21:25

Тұрғындардың сөзінше, бүтін бір елдімекендегі ірі қараның ауыз қуысы зақымданып, шөп жеуден қалған

СҚО-да бір елдімекен жұрты төрт түлігін жайылымға жібере алмай отыр. Есіл ауданындағы Зеңгі баба малы белгісіз ауруға шалдығып, шөп жеуден қалған. Күйі кетіп, тіпті саууға да жарамайтын болған. Мал бағып, күнін көріп отырған қараша аталған жайтты түсінбей әлек, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Соңғы 10 күннен бері Илинька ауылындағы төрт түлік адам түсінбес дертке шалдыққан. Тұрғындардың сөзінше, бүтін бір елдімекендегі ірі қараның ауыз қуысы зақымданып, шөп жеуден қалған. Салдарынан, арықтап та кетіпті. Иелері өз бетінше ем жүргізген. Алайда нәтиже шыға қоймапты.

«Ветеринарлар келіп, қан сынамаларын алды, екпе салды. Мұндай жағдай бұған дейін жақын маңдағы Николаевка ауылында болған. Ал бізде алғаш рет кездесіп отыр. Сиырларды екі аптаға жуық уақыт бойы жайылымға шығармадық. Қолымыздан келгенше өзіміз емдеп жатырмыз: ауыз қуысын фурацилинмен шайып, өңдейміз. Қазір жағдайы біршама жақсарған сияқты», – деді ауыл тұрғыны Ақыл Жанботина.

«Бес сиыр толық жазылып кетті, бірақ төлдері әлі ауырып жатыр. 4-маусымнан бастап карантин жарияланған болатын. Бүгін ғана малды алғаш рет табынға қостым», – деді ауыл тұрғыны Сергей Саратовцев.

Төрт түліктің қандай дертке шалдыққанын тұрғындар нақты білмейді. Олар белгісіз аурудан қауіпті инфекция тарай ма деп алаңдайды. Сондықтан жауапты мекемеден жіті бақылау жүргізіп, шара қолдануды сұрайды.

«Ауру анықталған 26 аулада симптоматикалық емдеу шаралары жүргізілген. Алдын ала қойылған диагноз – стоматит. Бұған дейін ауырған 56 бас малдың барлығы бүгінде сауығып шыққан. Сонымен қатар аудандағы барлық мал басы толық вакциналанған. Сондықтан қазіргі уақытта карантин енгізуге ешқандай негіз жоқ», – деді Есіл аудандық ветеринарлық станса басшысының міндетін атқарушы Аманболат Жетекенов.¤

Қазір мамандар жағдайды тұрақты бақылауға алған. Дегенмен ауыл тұрғындары сақтық шараларын күшейтіп, ауырған малды бөлек ұстауды жалғастыруда.

Диана Тұрлыбек, Самат Жақыпов, Солтүстік Қазақстан облысы.

Оқи отырыңыз: Дәмдеуіш деп есірткі сатқан Павлодар тұрғыны 7 жылға сотталды