СҚО-дағы ауыл тұрғындары жылудың кеш берілгеніне шағымданды

Екі жыл бұрын ауылдағы үйлердің бірінде өрт шығып, тұрғындар бұрынғы жылу көзінен айырылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

СҚО-ның Қызылжар ауданына қарасты ауыл тұрғындары жылудың кеш берілгеніне шағымданды. Олар соңғы күндері суықтан электр жылытқыштары мен плиталарын қосып жан сақтаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Екі жыл бұрын ауылдағы үйлердің бірінде өрт шығып, тұрғындар бұрынғы жылу көзінен айырылған. Өртенген трансформатор Оңтүстік Орал темір жолына тиесілі болғандықтан, оны қайта қалпына келтірмеген. Содан тұрғындар аудандық жылу жүйесіне қосылуға мәжбүр болыпты. Алайда құжаттарды рәсімдеу мәселесі туындап, сол күйі шешілмеген.

"Құжаттар дайындадық. Әжелер бір жарым жылдан бері табалдырық тоздырып жүр. Бірақ мәселені әлі шеше алмай келеді", - деді Кондратовка ауылының тұрғыны Сергей Хухлов.

"Біресе мына жерге қол қойыңдар, бірде ана жерге қол қойыңдар дейді. Үшінші күні келіңдер деді, бардық. Сөйтіп созбалаңға салды. Үйде төсек тартып жатқан мүгедек адам бар. Ол әжетханаға әрең барып, қайтадан орнына жатады. Ал мен осы мәселені шеше алмай жүрмін", - деді Кондратовка ауылының тұрғыны Любовь Охремчук.

Құжат рәсімдеу егде жастағы тұрғындарға оңайға соқпай отыр. Әсіресе, электронды қызметтерді пайдалана алмайтындар үшін мекемелерге қайта-қайта бару – үлкен жұмыс. 

"Үй суық. Бәріміз ауырып қалдық. Қанша электр қуатын жұмсадық десеңізші! Екі жылытқышты қатар қостық. Бір бөлмеде электр жарығы сөніп қалды", - деді Кондратовка ауылының тұрғыны Зинаида Рожик.

Аудан әкімдігі өкілдерінің айтуынша, тұрғындар жылу жүйесіне қосылуға қажетті техникалық шарттарды әлі толық рәсімдемеген. Былтыр үй жылусыз қалмауы үшін ауданның коммуналдық қызметтері қыс бойы ортақ есептегіш бойынша жылу ақысын төлеп келіпті. 

"Техникалық шарттарды алу үшін қажетті құжаттар толық тапсырылмаған. Енді жүйеге кім қызмет көрсетеді, жылу ақысын кім төлейді деген мәселе туындап отыр. Тұрғындармен тағы бір рет жиналыс өткізіп, мәселені жақын арада толық шешеміз деп үміттенемін", - деді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Бахтияр Бикенев.

Қазір үйлерге жылу берілген. Енді тұрғындар жылыту жүйесіне кім қызмет көрсететінін және жылу ақысы қанша болатынын білгісі келеді. Ауылдағы ағайын алдағы қыста қайтадан электр жылытқыштарына тәуелді болмаймыз деп үміттеніп отыр. 

Айдана Шалқар, Петр Акутионов, СҚО

Оқи отырыңыз: Орман қоры және өркениет: ШҚО-да мәселелер қалай шешіліп жатыр