Әскер қатарында қызмет өтемеген азаматтар әскери мамандық алып, арнайы билетке қол жеткізе алады. Ол үшін Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық мектебінде оқып, әскери-есептік мамандықты меңгеру жеткілікті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі
Оқу барысында тыңдаушылар киіммен, жатын орынмен және күніне үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар олардың жұмыс орны мен атқарып отырған лауазымы сақталады. Әскери-техникалық мектептерде даярлықтан өткен азаматтар әскери даярланған резерв құрамына енгізіліп, мерзімді әскери қызметке шақырылмайды. Оқу бағдарламасының ерекшеліктері мен оған қатысу тәртібі туралы студия қонағы Қорғаныс министрлігі Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің аға офицері Ерман Иманғалиев айтады.
– Ерман мырза, бағдарламаға кімдер қатыса алады?
«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы заңының 12-бабына сәйкес азаматтарды әскери-техникалық және өзге де мамандықтар бойынша даярлау Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында, яғни 13 филиалы бар Әскери-техникалық мектебінде жүргізіледі. Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызмет өткеруге жарамды әскери міндеттілер мен 24-27 жасқа дейінгі әскерге шақырылушыларға оқудан өту қолжетімді».
– Бағдарламаның өту барысына тоқталсаңыз. Азаматтар қанша күнде оқып шығады?
«Әскери-техникалық мектептерге іріктеу және оқуға жіберу мемлекеттік көрсетілетін қызметтер арқылы жүзеге асырылады. Әскери-техникалық және өзге де мамандықтар бойынша даярлауға жіберу үшін әскерге шақырылушылар мен әскери міндеттілерді кезекке қою. Әскерге шақырылушылар мен әскери міндеттілерді әскери-техникалық және өзге де мамандықтар бойынша даярлауға жіберу. Кезекке тұруға өтініш бермес бұрын азаматтар медициналық куәландырудан өтуі тиіс. Медициналық куәландыру картасының электрондық көшірмесін тіркей отырып, азаматтар eGov электрондық үкімет порталы арқылы мемлекеттік қызмет көрсетуге өтініш береді. Бұл ретте оқудан өткісі келетін филиалды таңдау қажет. Оқу басталғанға дейін 3 күн бұрын кезекте тұрған азамат оқуға келу күні мен мекенжайы, сондай-ақ қажетті жеке заттардың тізбесі көрсетілген хабарлама алады. Оқу ақысы 545 мың теңгені құрайды. Оқу мерзімі 40 күннен 46 күнге дейін. Оқуды аяқтағаны туралы сертификат әскери билет беру үшін негіз болып табылады».
Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжге барды