Ел бойынша жыл соңына дейін 23 мыңға жуық азамат әскери қызметке жіберіледі
Биыл Алматыдан 3 мыңнан астам азамат Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Соның мыңнан көбі күзгі шақыру науқаны кезінде сарбаздар сапын толықтырмақ. Ал ел бойынша жыл соңына дейін 23 мыңға жуық азамат әскери қызметке жіберіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әскери міндет – әр азаматтың қасиетті парызы. Сарбаз атанудың алғашқы жолы шаңырақтан басталады. Қалалық жинақтау пунктінде 18 бен 27 жас аралығындағы үміткерлер 9 кабинеттен медициналық тексеруден өтеді. Егер жарамдылығы мақұлданса, әскер қатарын толтырады.
Шаһарда күзгі әскерге шақыру науқаны қызу жүріп жатыр. Биыл Алматыдан 3 мыңнан астам азамат Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Қазір шаһардағы жинақтау пунктінде мерзімді қызметті кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға заңды негізі жоқ жастар медициналық тексеруден өтіп, жарамдылығы жан-жақты саралануда.
«Күнделікті әскерге шақырылушы азаматтар медициналық комиссиядан өтеді. Егерде жарамдылығы анықталса, шекара қызметі мен Ұлттық ұланға өтеді. Ол бірінші комиссияға келгенде салмағы, бойынан бастап психикалық жағдайы толық тескеріліп, қортынды шығарылады», – деді дәрігер-психолог Назима Тобықбаева.
Әскердегі бір жыл азаматтың білім алуына да тың мүмкіндік береді. Отан алдындағы борышын өтеуде үздік нәтиже көрсеткен сарбаздар бір жылдан соң ҰБТ тапсырмай-ақ мемлекеттік білім грантына үміткер бола алады. Ал мерзімді қызмет кезінде олардың несие төлемдері уақытша кейінге шегеріледі.
«Әрбір әскерге шақырушы әскерге кеткеннен кейін Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығымен интеграциялық шлюз арқылы бұйрыққа қол қойылады. Еговқа балаға бұйрық шыққаннан кейін әскери қызметші болып есептелінеді. Сол күннен бастап 12 ай, бала әскерден қайтқанша, «кредиттік каникул» мерзімі беріледі», – деді қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Қуанышбек Құлымбаев.
Сарбаздық өмір тек әскери машықпен шектелмейді. Қызмет барысында жастар тікелей міндетімен қатар, еңбек нарығында сұранысқа ие 20-ға жуық кәсіпті тегін меңгере алады. Олардың арасында жүргізуші, байланыс маманы, парамедик, экскаваторшы секілді кәсіптер бар. Сондай-ақ әскерге шақыру және әскери есепке алу қызметтері цифрландырылмақ.
«Процесті цифрландыру аясында Қорғаныс министрлігі автоматтандырылған режимде әскерге шақырылуға жататын азаматтардың тізімін қалыптастыруға мүмкіндік беретін цифрлық «әскери комиссариат» қызметін енгізді. Жүйе мемлекеттік ақпараттық базалары біріктірілген және белгіленген талаптарға сәйкес келетін адамдарды жас, денсаулық жағдайы және өзге де критерийлер бойынша обьективтік іріктеуді қамтамасыз етеді», – деді ҚР ҚК бас штабы бастығының орынбасары Алмас Исабеков.
Айта кетейік, ел бойынша күзде 23 мыңға жуық азамат Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Соның 12 мыңнан астамы қарулы күштердің, 7 мыңы Ұлттық ұланның, 3 мыңы шекара қызметінің сапына қосылады. Тағы 400-ден астам азамат Төтенше жағдайлар министрлігіне, 300-ге жуығы мемлекеттік күзет қызметіне жіберіледі.
Мәди Мәлік. Жақсылық Тілепберген.
Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов кадрларды даярлау мен сертификаттаудың салалық кластерін құруды тапсырды