Әскери бөлімдегі 7 сарбаз жындыханадан бір-ақ шыққан: ата-аналар әлімжеттікке шағымданды

​​​​​​Сарбаздар жаппай өз-өзіне қол салмақ болған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Маңғыстау облысына қарасты Бейнеуде 99/116 әскери бөліміндегі 7 сарбаз өз-өзіне қол жұмсаймыз деп жындыханадан бір-ақ шыққан. Оларды психикалық денсаулық орталығына бөлімшедегі қызметкерлер әкеліп орналастырыпты. Қазір сол 7 сарбаздың 3-еуі ауруханада, қалған 4-еуін ата-аналары "психикалық ауытқуы бар" деген құжатпен алып кеткен. Ал орталық дәрігерлері уайымдауға еш негіз жоқ дейді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.    

Лаура Шынтемірова Алматыдан келгелі жындыхананың алдын торуылдаумен жүр. Ақыл есі түзу, денсаулығы жақсы болып әскер қатарына кеткен баласы Сұлтан Шынтеміровтің мұндай орталыққа түскеніне сене алар емес. Оның айтуынша, 18 жастағы ұлы Отан алдындағы борышын өтеуге бара салысымен таяқ жеген. Көрген қорлығына шыдай алмаған жас сарбаз өз білегін кесіп тастаған.

Анасының айтуынша, бұл оқиғадан соң әскери бөлімнің басшысы «бәрін бақылауға аламын» деп уәде беріпті. Алайда арада 5 ай өтпей жатып, Сұлтан екінші рет өзіне қол жұмсаған. Шырылдаған келіншек баласының мұндай күйге түсуіне әскердегі әлімжеттік себеп деп отыр. Ең сорақысы, ұлының психикалық орталықта жатқанын басқа ата-аналардан естіген.  

«Маған Бекзаттың командирі хабарласып, «балаңыз жүрек пен бүйректен ұсталып тұр. Соны дәрігерге апара жатырмыз деп айтты. «Бүйрегін, жүрегін тексертеміз» деп өтірік алдап жүйке ауруына шалдыққандардың ауруханасына әкеліп жатқызып тастаған. Оны мен ата-аналардан естімегенде, баламның жындыханада жатқанын да білмейтін едім», - дейді ата-ана Лаура Шынтемірова.

Бейнеу ауданындағы 99/116 әскери бөлімінде борышын өтеп жатқан Сұлтан анасына әскери бөлім қызметкерлері сарбаздарға күн көрсетпейді деп шағым айтқан екен. Ара-тұра ақша да сұратыпты. Лаура Шынтемірова басқа ата-аналардан жас сарбаздарды мылтықпен басынан ұрып, тіпті әжетханаға да жібермей азаптайтынын естіген.  

«Өз баламды танымай қалдым, шыны керек. Бұлай жібермеген едім. Суреттері де бар. Баламды құрылысқа салып тастаған. Балама біреудің үйінде кірпіш құйғызып қойған. 99/116 әскери бөлімінің барлық құрамын тексерсін», - деді ата-ана Лаура Шынтемірова.

Сұлтан Шынтеміровтің орталықта жатқанына бір апта болыпты. Одан өзге тағы екі сарбаз емделіп жатыр екен. Мекеме басшысы сарбаздың денсаулығында ешқандай кінәрат жоқ, психологиялық көмек көрсетіп жатырмыз деп отыр.  

«Жатқанына бір апта болды. Жағдайлары жақсы. 2-3 күннен кейін шығуға дайындалуда. Ары қарай Астана қаласында әскери комиссия қарайды. Ары қарай шешім қабылданады. Өз-өздеріне жарақат білектеріне сырылған жарақаттар болған. Соған байланысты бізге суицид белгілері бар деп алып келді. Психолог, психотерапевт мамандары қарайды», - деді Маңғыстау облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Мәди Тоқанов.

Баласы үшін шырылдаған ана әскери прокуратураға барып шағымын түсіріпті. Ол әділдікке қол жеткізбейінше алған бетімнен қайтпаймын деп бекініп отыр. Ал салаға жауапты министрліктен жағдайға қатысты әлі жауап жоқ.  

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Маңғыстау облысынан

Оқи отырыңыз: Қазақстанның агроөнімдері қай елдерге экспортталады

Новости партнеров