Әскери борышын өтегендер ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орнына түсе алады

05.06.2026 13:59

Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиевтің сөзінше, жүйеде мемлекеттік білім гранттарына үміткерлерді іріктеу үдерісі автоматтандырылған

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Әскери борышын өтеген азаматтар арнайы тестілеуден өтіп, Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарына түсе алады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиев мәлім етті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Оның айтуынша, бұл мүмкіндік әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау шараларын цифрландыруға арналған Sarbaz 2.0 ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

«Sarbaz 2.0» ақпараттық жүйесі мерзімді әскери қызметшілерге білім беру жеңілдіктерін пайдалануға және жоғары оқу орындарына түсу үшін өткізілетін конкурстық іріктеуге онлайн қатысуға мүмкіндік береді. Қызметін аяқтаған азаматтар қолданыстағы қабылдау тәртібіне сәйкес арнайы тестілеуден өтіп, ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарына түсе алады», — деді Дархан Ахмедиев.

Оның сөзінше, жүйеде мемлекеттік білім гранттарына үміткерлерді іріктеу үдерісі автоматтандырылған.

Ақпараттық жүйе әскери қызмет нәтижелері мен жауынгерлік даярлықтағы жетістіктер негізінде үміткерлерді әділ әрі объективті бағалауды қамтамасыз етеді. Жоғары көрсеткішке қол жеткізген әскери қызметшілерге тегін білім алу мүмкіндігі беріліп, жатақханадан орын ұсынылады.

Сондай-ақ платформа қатысушылардың орталықтандырылған есебін жүргізуге және әрбір әскери қызметшінің цифрлық профилін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Дархан Ахмедиевтің мәліметінше, 2023 жылы іске қосылған Sarbaz 2.0 жүйесінде бүгінге дейін 180 мыңнан астам әскери қызметші тіркелген.

Оқи отырыңыз: Интернет-дүкендердің сапасыз жұмысы: тұтынушылар өз құқығын қалай қорғай алады