Елде әскери жоғары оқу орындарына қабылдаудың талаптары өзгерді. Ғылым және жоғары білім министрі 22 сәуірде тиісті бұйрыққа қол қойды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жаңа қағидаларға сәйкес, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын жүзеге асыратын әскери оқу орындары әр бес жыл сайын міндетті түрде мемлекеттік аттестациядан өтеді. Ал сынақ өткізетін оқу орындарының тізімін уәкілетті орган бекітіп, оны ресми интернет-ресурста жариялайтын болады.
Сонымен қатар жаңадан ашылған әскери жоғары оқу орындарын бітірген түлектер кейін бір жыл ішінде алғашқы аттестациядан өтуге міндеттеледі. Аталған бұйрық 8 мамырдан бастап күшіне енеді. Осы өзгерістердің мәні мен мақсатын Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің бас сарапшысы Гүлнәр Ерманова тікелей эфирде түсіндіріп бермек.
– Гүлнәр Қуанышқызы, енгізілген жаңашылдықтардың басты ерекшелігі неде? Бұл өзгерістер қандай нәтижеге қол жеткізуді көздейді?
«ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 2026 жылғы 22 сәуірдегі бұйрығымен ведмостволық бағыныстылығына қарамастан жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери, арнаулы оқу орындарына қатысты мемлекеттік аттестаттауды өткізу қағидалары бекітілді. Осы жаңа қағидалар «Білім туралы» ҚР заңының 55-1 бабына сәйкес әзірленді және әскери, арнаулы оқу орындарына қатысты мемлекеттік аттестаттауды өткізу тәртібін айқындайды. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Жаңа тәртіп бойынша мемлекеттік аттестаттау әскери, арнаулы оқу орындарына бару арқылы жүргізіледі. Мемлекеттік аттестаттау рәсімінің негізгі мәні әскери, арнаулы оқу орындарының Мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарының талаптарына сәйкестігін айқындау болып табылады. Мемлекеттік аттестаттауды жүргізу кезіндегі негізгі бағыттары мен зерделеу объектілері ол білім алушылар контингенті, кадрлық әлеует, қажетті материалдық активтер, кітапхана қоры, оқу, оқу-әдістемелік, тәрбие жұмысы, кәсіптік практика, ғылыми-зерттеу жұмыстары болып табылады.
– Гүлнәр Қуанышқызы, талапкерлер нені ескеруі қажет? Осыған жауап берсеңіз.
«Білім туралы» ҚР заңының 5-1 бабына сәйкес ҚР Ұлттық қауіпсіздік органдары, ІІМ, ТЖМ, Прокуратура органдарының және Қорғаныс министрлігі өздеріне ведомстволық бағынысты әскери, арнаулы оқу орындарына қатысты оқуға қабылдау қағидаларын әзірлейді және бекітеді. Осы қағидаларға сәйкес талапкерлерді оқуға қабылдау жұмыстары жүргізіледі»
Оқи отырыңыз: Министрлер жыл сайын наркоскринингтен өтуі мүмкін