Тұрғындар әскеріміздің әлеуетін көріп, ерекше шабыттанып қайтты
"Ұлы Жеңіс күні – халқымыздың жауынгерлік рухының символы. Біз елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтаймыз. Отан қорғау жолында опат болған боздақтарға тағзым етеміз". Бүгін Астанада өткен ауқымды әскери шеруде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Төрт мыңнан астам әскери қызметші қатысқан, әскер айбынын асқақтатқан парад туралы Almaty.TV тілшісі Аршат ӘДІЛЖАНҚЫЗЫ айтып бермек.
Санаулы сағаттар бұрын дәл осы алаңда салтанатты шеру өтті. Әскери парадты құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Мереке Көшекбаев басқарды. Ал Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Президентке сарбаздардың шеруге дайын екенін жеткізді.
Шарада Президент - жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, халқымыздың жеңіске өлшеусіз үлес қосқанын айтып, соғыс ардагерлері мен отандастарымызды Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады. Президент «Зұлмат жылдары майданға аттанған жауынгерлер келер ұрпақтың келешегі үшін өмірлерін құрбандыққа шалды, ал тәуелсіз еліміздің сарбаздары бабадан мұра болып қалған кең байтақ жерімізді қас қақпай күзетіп тұр» деді.
«Еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру – аса маңызды міндет. Біз Қарулы Күштерімізді жаңғырта бастадық, армиямызды күшейту үшін нақты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осы өте маңызды мәселе бойынша Парламент заң қабылдады. Мемлекет әскери қызметшілерге, арнаулы мекемелер мен азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлеріне әрдайым қолдау көрсетеді», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ауқымды парад 3 бөлімнен тұрды. Алдымен алаңда төрт мыңнан астам сарбаз сап түзеп өтсе, одан кейін әскери техникалар таныстырылды. Үшінші бөлімде Астана аспанына әскери ұшақтар көтерілді. Шеруді көруге келген астаналықтардың санында есеп болмады. Тұрғындар әскеріміздің әлеуетін көріп, ерекше шабыттанып қайтты.
«Бүгінгі әскери шеру Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толуына торай өтті. Сондықтан соғыс ардагерлерін Ұлы Жеңіс күнімен құттықтаймын жеңіспен. Елімізде тек бейбітшілік болсын. Қазақ еліміз дамыған техникаларымен шеру өткізді. Өте керемет! Қазақстанымыз ары қарай дами берсін. Дағдарыс болмасын, әлемде де тыныштық болсын», - деді қала тұрғыны Қуандық Әубәкіров.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы өз сөзінде 500-ге жуық көшеге Қазақстан қаһармандарының есімі берілетінін айтты. Сондай-ақ, республика аумағында майдангерлерге арналған «Батырларға тағзым» атты шеру өтетінін де жеткізді.
Оқи отырыңыз: Халқымыз Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосты: Президент Әскери парадта сөз сөйледі