Әскери реформа: елімізде қорғаныс саласы жаңа талаптарға сай жаңғыртылады

22.10.2026 20:51

Қазақстанның қорғаныс саласында түбегейлі өзгерістер басталмақ. Мақұлданған әскери реформа жоспарына сәйкес, әскери консультанттар мен Әскери қызметшілер істері жөніндегі уәкіл институттары құрылады, 

Реформа отандық армияның әлеуетін қаншалықты арттыра алады? Осы және өзге де сауалдарға студия қонағы — саясаттанушы, «Тұран» университеті Халықаралық қатынастар және дипломатия жоғары мектебінің директоры Нұрболат Нышанбай жауап береді.

– Нұрболат мырза, Қазақстандағы ауқымды әскери реформаның қолға алынуына не себеп болды және оның еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтудағы маңызы қандай?

«Әлемдегі геосаяси өзгерістер мен технологияның даму қарқынын ескерсек, қорғаныс саласында тек бізде емес, бүкіл әлемде жаңа реформалар мен жаңартулар алдыңғы шепке шығып жатыр. Сондықтан еліміздегі әскери саладағы бұл өзгерістер — заңды құбылыс. 

Қазіргі геосаяси ахуал кезінде әрбір мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі мен біртұтастығын қамтамасыз етуге бағытталған бұл қадам уақтылы жасалды деп ойлаймын. Ауқымды жобалар жариялануымен қатар, құжаттарда көрсетілген әрбір іс-әрекет пен реформаның сапалы орындалуы аса маңызды. Сондықтан бұл — кезек күттірмейтін шаруа. Екіншіден, заманауи технологиялық өзгерістерге лезде бейімделе алатын бәсекеге қабілетті армия құру — басты мақсат. Еліміздің тұтастығы мен қауіпсіздігі үшін бұл өте өзекті әрі мерзімінде қабылданған қадам деп есептеймін».

– Әскери реформада заманауи технологияларды енгізу мен армияны басқарудың жаңа тәсілдеріне басымдық берілген. Бұл бастамалар Қарулы Күштердің жауынгерлік әлеуетін қаншалықты арттырады?

«Халықаралық рейтингтерде отандық армиямыздың алдыңғы қатардан көрініп келе жатқанын ұмытпауымыз керек. Сол себепті реформадан күтілетін нәтиже тек қысқа мерзімді емес, ұзақ мерзімді болуы тиіс. Қорғаныс түсінігін қайта қарап, әрбір сарбаз өзін тек әскери қызметкер емес, Отанның қорғаушысы, ел бірлігінің кепілі ретінде сезінгенде ғана діттеген мақсатымызға жетеміз».

– Соңғы жылдары әскердегі сарбаздардың қауіпсіздігі қоғамда жиі көтеріліп жүр. Жаңа реформа осы түйткілдердің түйінін тарқата ма?

«Қысқа мерзімді тұрғыдан алғанда, бұл кейбір ақпараттық олқылықтардың орнын толтыруы мүмкін. Ал ұзақ мерзімді перспективада бұл — өте кешенді шара. Себебі соңғы кездері ақпарат алаңында әскери салаға қатысты біржақты немесе негізсіз мәліметтердің де тарап жүргенін байқап жүрміз. Бұл реформа тек туындаған сұраныстарға жауап қана емес, еліміздің алдағы 50 жылға арналған қауіпсіздік стратегиясы мен біртұтас қорғаныс жүйесінің іргетасы болуы тиіс. Ал әскери қызметшілердің, әсіресе сарбаздардың жеке қауіпсіздігі мен өзара коммуникациясы — ең іргелі, базалық көрсеткіш. Бұл ешқандай талқылауды қажет етпейтін дүние. Армия бәсекеге қабілетті болу үшін сарбаздарымыз мықты әрі қауіпсіз болуы шарт. Ол тек физикалық тұрғыдан емес, білім және интеллект деңгейі жағынан да өзгелерден бір саты жоғары тұруы тиіс. Сондықтан құжатта көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру үшін уақыт пен табанды күш-жігер қажет».

Толық көрсету