СҚО-да алып мамонттың сүйегі табылды

16.09.2025 20:09

Археологтар өзен жағасын толық зерттеуге ниетті

СҚО-да алып мамонттың сүйегі табылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Есіл өзенінің жағасында балық аулап жүрген жергілікті тұрғын жағалаудан сәл шығып тұрған үлкен затты байқап, қазып алған. Кейін бірегей жәдігерді археологтарға тапсырған. Мамандардың айтуынша, бұл – мамонттың жамбас сүйегі. Сазды топырақтың табиғи қорғанысының арқасында сүйек мыңдаған жылдар бойы мінсіз күйінде сақталыпты. Мұндай көлемдегі олжа өңірде алғаш рет кезіккендіктен, ғалымдар бұл табысты ерекше бағалап отыр. Археологтар өзен жағасын толық зерттеуге ниетті. Өйткені, жер қойнауында мамонттың басқа да сүйектері сақталып қалуы әбден мүмкін.

«Бұл – олжа, шынында да теңдесі жоқ. Себебі алып жануардың жамбас сүйегі шамамен бір жарым метрге жуық. Оған қалған аяқ бөлігін қосыңыз, сонда жануардың тек бір аяғының ұзындығы 2 метрге жететінін аңғаруға болады. Енді елестетіп көріңізші, алып мамонттың дене тұрқының қаншалықты үлкен болғанын. Сондай-ақ бірегей жәдігер ең кемінде 15 мың жыл бұрынғы заманға тиесілі болуы мүмкін. Жер бетінде мүлдем кездеспейтін жануарлардың осылай сақталып қалуы – керемет құбылыс», – деді археолог Анатолий Плешаков.

Оқи отырыңыз: Студенттердің қоғамдық белсенділігі баллмен бағаланады