СҚО-да көпшілік құс өлексесін көміп, қалдықтарды шығарумен әлек

29.09.2025 21:09

Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары да жағдайдың нақты себебін айта алмай отыр

СҚО-да Бугровое ауылында құстардың жаппай қырылуы жұрттың үрейін ұшырып отыр. Бір апта ішінде жүздеген қаз-үйрек қырылды деп шулаған жұрт әбден шығынға батқанын айтты. Әзірге қанаттылардың неден өлгені белгісіз, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бугровоедағы ахуал ауыр. Мұндағы жұртшылық құс өлексесін көміп, қалдықтарды шығарумен әлек. Александр Брисюк та солардың қатарында. Ол жаз бойы асыраған қаз, үйрек, тауықтарының өлекселерін жинап, инфекция таралмау үшін алыс жерге көмуге мәжбүр.

«Жаз бойы бақтық, күзде бәрі қырылып жатыр. Мен бастапқыда түлкіден көрдім. Бірақ шын мәнінде неден өлгенін ешкім білмейді. Ветеринарлар келіп, талдау алды, бірақ нәтижесін әлі ешкімге айтқан жоқ», – деді Бугровое ауылының тұрғыны Александр Брисюк.

Ал Светлана Ткаченко алғашқы күні-ақ екі қазыдан айырылғанын айтты. Содан бері жағдай ушығып, әйелдің 90-нан аса құсы қырылған. Алдын ала есеп бойынша шығын миллион теңгеден асып отыр.

«Таңертең жем берейін десең, қораның ішінде бәрі қырылып жатыр. Күніне 15-20 құсты жинаймыз. Ветеринарлар  «біз білмейміз» деп қайырды. Қандай ем қолдану керек екенін айтпайды. Дәріні өзіміз алдық. Құстарға берген дәрінің есебі жоқ», – деді Бугровое ауылының тұрғыны Светлана Ткаченко.

Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары да жағдайдың нақты себебін айта алмай отыр. Зертханалық жұмыстар жалғасып жатыр деумен шектелді. Дегенмен, қанаттылардың «жемнен улануы мүмкін» деген күдігін жеткізді.

«Құстардан құс тұмауы мен пастереллезге сынама алынды. 25 қыркүйектегі зертхана қорытындысына сәйкес, құс тұмауы жоқ. Пастереллез бойынша нәтиже әлі жоқ. Бірақ сойып қарағанда бауырдың зақымданғаны анықталды. Бұл улану, яғни жемнен улануы мүмкін», – деді Ветеринария басқармасының басшысы Жанат Әміржанов.

Мамандар ауыл тұрғындарына құсты қорадан шығармай, қырылғандарын міндетті түрде елдімекен шетіне шығарып, көму керек екенін ескертті. Ал өлгендеріне өтемақы берілмейді. Өйткені шығын тек құс тұмауы тіркелген жағдайда ғана өтелмек.

Әйкерім Пернебек, Нұргүл Әлина, Асар Ербулан, СҚО

Оқи отырыңыз: Еліміздің 17 облысында дауылды ескерту жарияланды