Жүргізілген сараптама мемлекетке келтірілген зиянды 3 миллион 712 мың теңгеге бағалады
СҚО-да полицейлер artemia salina шаянын заңсыз аулаған күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлерінің назарына үш адамнан тұратын топ көзге түсті.
33 және 22 жастағы екі петропавлдық, Қызылжар ауданының 33 жастағы тұрғыны артемия салина шаянының жұмыртқаларын заңсыз аулаған деген күдікке ілініп отыр.
"Олар ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының 6637 әскери бөлімінің әскери қызметшілері және облыстық прокуратураның үйлестіруімен өзара іс-қимыл жасау кезінде ұсталды. Олар Мамлют ауданы аумағындағы Меңкесер тұзды көлінде заңсыз өндірген", - деп жазылған хабарламада.
Оқиға орнынан полицейлер жалпы салмағы 460 келі болатын, 6 қапқа салынған шаян жұмыртқаларын тәркіледі. Жүргізілген сараптама мемлекетке келтірілген зиянды 3 миллион 712 мың теңгеге бағалады.
"Заңнама талаптарына сәйкес топ құрамында балық, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау 6 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады", - дейді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.
Оқи отырыңыз: Астанада заңсыз вейп сақтау қоймасы табылды