Соғыс бір үйлі жаннан жалғыз қалдырды - Ізбай Әтейбекұлы

09.05.2025 21:23

Бес адам соғысқа атанған әулетте Демеу мен Нұрмолданың қайда, қашан жерленгені белгісіз

Almaty.tv

Биыл Жеңістің 80 жылдығы. Бұл – елдік пен ерлікті еске алатын тарихи сәт.

Almaty.tv бейбіт өмір сыйлаған майдангерлерді ұлықтап, олардың өшпес ерлігін ұрпаққа өнеге ету ісін жалғастырып келеді.

Әтейбек Көшербаев жары Әшімханмен шаңырақ көтеріп, ұлдарын Мұқан, Демеу,  Нұрмолда, Ізбай деп атайды.

Төрт бірдей азаматы ес біліп, елге қызмет етер кезең сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келді. Еркек атаулы қан майданға аттанғанда тізімнен тепсе темір үзер төрт ұл да тыс қалмады. Әтейбек ұлдарымен бірге өзі де Ұлы Отан соғысына аттанған.

 Өкініштісі Демеу мен Нұрмолда елге оралмады. «Қара қағаз» келді деп немересі Жетен Мұқанұлы еске алғаны болмаса, азаматтардың қайда, қашан жерленгені белгісіз.

 «Күндер өтті, суық хабар, қара қағаз келді ғой,

Апам байғұс Нұрмолда, Демеудің өлгенін де білді ғой.

Естіркенде көпшілік келіп, білдірмей,

Бармақ басты «апиынын» жеді ғой», – деп жазды Жетен Мұқанұлы.
 

Жетеннің әкесі Мұқан – үйдің үлкені. 1913 жылы Алматы облысы Ұйғыр ауданы Кепебұлақ ауылында дүние келген.  Соғыстан 30 жасында 1943 жылы елге оралды. Көз көргендер «оқ тиген жауынгер туған жерге жеткенше жарақаты асқынып, қолын ірің кеулеп кетіпті» дейді.

Үйдің кенжесі – Ізбай Әтейбекұлы 1922 жылы дүниеге келген. Алты ай дайындықтан кейін, III Украина майданына барлау бөлімшесіне түседі. Қан майданда 20 жастағы жігіттің мұз жастанып, қар төсенген жылдары басталады.

Оларға 1943 жылы қыста «Тіл әкелу» тапсырмасы берілген. Тапсырманы орындау барысында Ізбай Әтейбекұлы да өзге жауынгерлермен неміс қоршауында қалады. Командир 18 адамға «жау қолына тірідей түспеу керек» деген бұйрық береді. Үш күн жаумен арпалысқан Ізбай Әтейбекұлының оң аяғынан оқ тиеді. Ол қиын сәттерді еңсере жүріп, Украина астанасы Киевті азат етуге қатысады.

Жауынгер 1944 жылы Еуропаны, Венгрияның астанасы Будапештті азат етіп жүргенде оң қолынан жақарат алады. Немересі Ерғанат Ізбайұлы  атасының «бұл құрыған соғыс бір үйлі жаннан мені жалғыз қалдырып кетті» деп жиі айтатынын еске алды.  

«Атаммен бірге соғысқа аттанған әкесі – Әтейбек бабам құрылыс батальонына жұмысқа алынған. Ізбай атамның қуанышы – жеңіспен елге оралуы, ал екі бауыры Демеу мен Нұрмолданың хабарсыз кетіп, өзімен елге оралған Мұқан ағасының сұм соғыс кеудесіне салған жарақат кесірінен ерте қайтыс болуы  –   қайғысы мен өкініші еді», – деді Ерғанат Ізбайұлы.

Ел ауызында «қамқоршы әулет» атанған отбасының берекесі Әтейбек Көшербайұлы соғыс жылдарынан кейін аң аулап, ауыл халқына азық еткен. Түрлі аурудың алдын алып, емші атанған.

 Ал соғыста оң қолынан айырылған ұлы Мұқан Әтейбекұлы ауыл тірішілігіне етене арласып, жетім мен жесірге көмегін аямаған. Ауыл үлкендері үшін «аңыз» адамға айналған ол бригадир, ауыл шаруашылығы саласында бөлім меңгерушісі қызметін атқарған. Тәжіхан Тұрғынбековамен шаңырақ көтеріп, үш ұл, қыз тәрбиелеген ол 1956 жылы 43 жасында қайтыс болды.

Кенжесі – Ізбай Әтейбекұлы 1944 жылы қыркүйекте  екінші топтағы мүгедек болып елге келді. Ұлы Отан соғысының ардагері  «Жеңістің 25 жылдығы», «Тыл игерудегі еңбегі үшін», «СССР Қарулы күштерінің 50 жылдығы» медальдарымен марапатталған.

Елге оралғаннан кейін ферма меңгерушісі қызметін атқара жүріп, жары «Батыр ана» медалінің иегері Күлишә Әбдіқұловамен 3 ұл, 7 қызды тәрбиледі.

«9 мамырда қара шаңырақта отырған Ізбай атамды құттықтау үшін бәріміз жиналатынбыз! Атам бар медалін кеудесіне тағып, есің алдында біздерді күтіп алатын. Біреулер үшін бұл – мереке! Ал мен үшін атамның жанарындағы мұң жанымды жабарқататын ауыр күн еді» – деп еске алды Мұқан Әтейбековтың немересі Ботагөз Жөкенқызы.

Елге сыйлы азамат, Ұлы Отан соғысының ардагері Әтейбек Көшербайұлы 86 жасында қайтыс болды. 

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Қызыл алаңдағы парадқа қатысқан сарбаздарға құрмет көрсетті