Наурызбай ауданының прокуратурасы мектептерге жүк көліктерін әкеліп, оқушыларға ерекше сабақ өткізді
Биыл Алматыда балалардың қатысуымен 350-ден аса жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 407 жеткіншек зардап шеккен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал соңғы кездері жүк көліктерімен болатын апаттар жиілепті. Осыған байланысты Наурызбай ауданы прокуратурасының өкілдері мектеп оқушыларына жолда жүру ережесін түсіндірді. Балалар ауыр жүк көлігіне отырып, соқыр аймақтың барына көз жеткізді.
Жолдағы оқыс оқиғалардың алдын алу үшін Наурызбай ауданының прокуратурасы мектептерге жүк көліктерін әкеліп, оқушыларға ерекше сабақ өткізді. Балалар оған отырып көріп, сала мамандары айтқан ережелерді мұқият тыңдады. Қызығушылық танытып, толғандырған сұрақтарын да қойып үлгерді. Бастысы, тәжірибе жүзінде жүк көліктерінің бүйірінде, артында және алдында соқыр аймақтың барына көз жеткізді.
«Жүк көліктерінде соқыр аймақтың көп екенін балалар түгілі, ересектер де біле бермейді. Бүгін осының бәрін түсіндіріп, ережені тәжірибе жүзінде ұштастыру үшін іс-шара ұйымдастырылды. Балалар жүк көлігіне отырып көрген соң қызығып тыңдады», – деді автомектеп оқытушысы Розбуви Ашурова.
«Көзіммен көрдім. Ол өте қауіпті деп ойлаймын. Көліктің адында тұрғын адамды көрмедім», – деді мектеп оқушысы Айсұлтан Қайрат.
Жуырда ғана жүк көлігінің астында қалған жеті жастағы баланың қазасы елдің еңсесін түсірген болатын. Бұл жағдайдан кейін мектеп әкімшілігі де, ата-аналар да оқушыларға жолда жүру ережелерін сақтап, бұған асқан жауапкершілікпен қарауды үйретіп жүр.
«Біз де уайымдап қалдық. Бастауыш сыныптарды міндетті түрде өзіміз әкеліп, алып кетеміз. Ал үлкен сыныптарға ескертіп, жан-жағына қарап, өте сақ жүруін айтып отырамыз», – деді ата-ана Мөлдір Шалғынбаева.
Жыл басынан бері мегаполистегі 1470 жол-көлік оқиғасының 350-і балалардың қатысуымен болған. Прокуратура өкілдері бұл бағыттағы іс-шараларды жалғастыратынын айтты.
«Наурызбай ауданы прокуратурасының бастамасымен мектеп оқушыларына жолда жүру ережелерін түсіндіруге бағытталған жұмыс ұйымдастырылды. Тәжрибе ретінде ауыр жүк көліктерінің соқыр аймақтары көрсетілді. Басқа мектепке жүк көлігін апарып көрсетуді жалғастрамыз», – деді Наурызбай ауданы прокурорының орынбасары Қанат Күнғожинов.
Баланың жолдағы қауіпсіздік жөніндегі дағдысын мектепке дейінгі кезеңде қалыптастыру маңызды. Жолда жүру мәдениетін бұлжытпай орындау – қауіпсіздік пен денсаулық кепілі.
Рүстем Айткәрім, Әйкерім Пернебек, Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: Алматыда көлік аударылып, бір адам қайтыс болды