Солақай балалар: Түркістан облысында ерекше сынып бар

22.12.2025 14:10

Ерекше оқушылардың бір сыныпқа жиналуы мұғалімдерді де таңғалдырған

Түркістан облысында солақай балалар оқитын ерекше сынып бар, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл – Арыс қаласындағы №4 бастауыш мектеп. Мұндағы 3 «Г» сыныбында 24 солақай оқушы білім алады. Бұл ерекшелік олардың көркем жазуына кедергі болмаған. Керісінше дәптерлеріндегі әріптер маржандай. Сондай-ақ бұл балалар сөзге жүйрік келеді.

Ерекше оқушылардың бір сыныпқа жиналуы мұғалімдерді де таңғалдырған. Сара Әлімбекова 24 жылдық тәжірибесінде мұндайды алғаш көргенін айтады. Бастапқыда ол балаларды оң қолмен жазуға үйретпек болған. Бірақ кейіннен бұл әрекетінің қате екенін байқаған.

«Психологтар «сол қолмен жазатын адамды оң қолмен мәжбүрлеуге болмайды» деген. Себебі ол невроздық ауруларға әкеледі. Кекештік, құлақ естімей қалуы мүмкін. Себебі мен оң қолмен жазайық, оң қолмен ас ішеміз, оң қолмен бастаймыз дегенде қиындық туғызды, оң қолмен жазатын кезде қатты қиналды», – деді сынып жетекшісі Сара Әлімбекова.

«Басқа сыныптарда да бар. Бірақ оншалықты көп емес. Басқа сыныптарда 2-3 бала бар. Бірақ Сара апайда олардығ саны көп болды», – деді мектеп директорының орынбасары Гүлсім Бұқарбаева.

Ұстаздардың сөзінше, оң қолмен жазатын адамдарда мидың сол бөлігі жақсы дамыса, солақайларда мидың екі жағы да белсенді жұмыс істейді. Сонымен қатар бұл қасиет тұқым қуалайтын көрінеді. Мәселен сыныптағы 10 оқушы отбасындағы жалғыз солақай болса, қалғандарының ата-әжесі сол қолымен жаза алатын болып шыққан.

Оқи отырыңыз: Жаңа жылдан бастап қазақстандықтарға жеке куәлік тегін беріледі