Соңғы екі жылда дәрігер тапшылығы 20 пайызға қысқарды -ДСМ

27.10.2026 16:31

Сонымен қатар 72 мыңнан астам студент медициналық жоғары оқу орындарында, 110 мыңға жуық жас колледждерде білім алып жатыр

Қазақстанда кейінгі 5 жылда мыңнан астам медициналық нысан ашылған. Үкіметтің мәліметінше, олардың қатарында 10 аурухана, 14 емхана, 967 дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункт, сондай-ақ ғылыми және оңалту орталықтары бар, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жаңа нысандардың 655-і ауылдарда пайдалануға берілген. Одан бөлек, 2 жылда елде дәрігер тапшылығы азайған. Қазір денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам медицина қызметкері бар. Оның 84 мыңға жуығы дәрігер. Былтыр 1700-ден аса ақ халатты жан әлеуметтік қолдау алса, оның 727-сі үйлі болған. Сонымен қатар 72 мыңнан астам студент медициналық жоғары оқу орындарында, 110 мыңға жуық жас колледждерде білім алып жатыр.

«Бізге тек дипломы бар емес, науқасқа сапалы көмек көрсете алатын дәрігер керек. Сондықтан студенттердің тәжірибесіне көбірек көңіл бөліп жатырмыз. Әсіресе, ауылға қажет мамандарды отбасылық және балалар дәрігерлерін даярлау маңызды. Осы жұмыстардың нәтижесінде соңғы 2 жылда дәрігер тапшылығы елімізде 20 пайызға, ауылда шамамен 30 пайызға азайды. Әрине, әлі де шешілетін мәселелер бар», – деді ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.

Оқи отырыңыз: Алматыда ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған мамандандырылған стоматология бөлімшесі ашылды

 

Толық көрсету