Соңғы төрт жылда ауылдарда 864 медициналық нысан мен 388 мектеп салынды

28.11.2025 14:47

Былтыр 2 мыңға жуық ауыл мектебіне сапалы интернет берілді

Аlmaty.tv

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің диалог-платформасында сөйлеген сөзінде алғашқы Жарлығы ауылды дамытуға арналғанына тоқталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

«Ауыл – төл өркениетіміздің алтын қазығы. Ауылды өркендету – баршаға ортақ парыз. Мемлекет бұл мәселеге ерекше жауапкершілікпен қарайды. Өздеріңіз білесіздер, 2022 жылы халыққа ұсынған сайлау алдындағы бағдарламада ауыл мәселесіне айрықша назар аудардым. Алғашқы Жарлығым да ауылды дамытуға арналды. Соған сәйкес Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді. Қазіргі таңда осы құжатқа сай нақты жұмыс атқарылып жатыр. Жуырда ғана Ауыл еңбеккерлерінің екінші форумын өткізіп, осы саладағы өзекті мәселелерді қарадық. Ал бүгін ауыл-аймақтардың даму бағдарын айқындаймыз. Бұл – мемлекеттің алдында тұрған стратегиялық міндеттің бірі», - деді Президент.

Осылай деген Мемлекет басшысы ауылдағы оң өзгерістерге тоқталды.

«Соңғы жылдары ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру үшін тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. 2022 жылы халықтың табысын арттыруға арналған кешенді жоспар қабылданды. Биыл Үкімет алдағы бес жылға арналған Өңірлерді дамыту тұжырымдамасын бекітті. Ауылға қомақты инвестиция тартылды. 2021 жылдан бері ауыл халқына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 864 нысан салынды. Сондай-ақ 388 жаңа мектеп ашылды. Былтыр 2 мыңға жуық ауыл мектебіне сапалы интернет берілді», - деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысы жыл өткен сайын ауылдың әлеуеті артып келе жатқанына тоқталды. Өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі жоғары ауылдардың саны көбейе түсті.

«Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі алты жылда 1,5 еседен астам өсіп, 8,3 триллион теңгеге жетті. Биыл ауылдағы шаруаларға 1 триллион теңге көлемінде қолдау көрсеттік. Дәл осындай мемлекеттік қолдау көрсеткен елдер көп емес, тіпті, бұл көптеген ел қол жеткізе алмайтын қаржылай көмек деуге болады. Алайда алдымызда биік мақсаттар тұр: біз ауылдағы жағдайды жақсартып, жұмысты күшейтуіміз керек», - деді ол.

Оқи отырыңыз: Президенттік жастар кадрлық резервіне 450 адам іріктеліп алынды