Сотталғандар қандай дерт анықталса, жазадан құтылуы мүмкін

Бастаманы еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі көтеріп отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сотталғандар белгілі дертпен ауырса, жазадан құтылуы мүмкін. Бастаманы еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі көтеріп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Денсаулық сақтау министрлігінің әзірлеген құжатына сәйкес, енді айыпталушылар денсаулығына байланысты жазадан босатылуы мүмкін. Егер азаматтан созылмалы бүйрек, ауыр дәрежедегі өкпе ауруы және бауыр циррозы сияқты диагноз табылса, оларды түрмеге емес, арнайы мекемеге жіберу қарастырылмақ. Бастама сотталғандар арасындағы өлім-жітімді азайтуға сеп болмақ.

«Бұйрықта арнайы медициналық комиссияның рөлі күшейтілді. Оның міндеттері функциялары, жұмыс қағидаттары және құрамы бекітілді. Бұйрықтың жобасы мемлекеттік органдарға келісуге жіберілді. Сотталғандарды жазадан босату мәселесін көтердік, бірақ нақты шешімді сот органдары қарайды», – деді ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің бас сарапшысы Еркін Боранқұлов.

Алайда министрліктің бұл жобасымен жұрттың бірі келіссе, бірі құптамайды. Сөздерінше, қылмыскер қандай жағдайда да өз жазасын алуы керек.

«Сотталушы болса, сол жерде емделсін. Ол қылмыс жасады ғой. Қылмыс жасағаннан кейін, сол қылмысына қарай сотталу керек. Ауыр болсын жеңіл болсын, жазасын алуы керек», – деді тұрғын.

«Дұрыс деп ойламын. Өмірі аз уақытта түрмеде өткенше, жеңілдік беру керек деп ойлаймын», – деді тұрғын.

Ал заңгер Бағдат Амандосұлы сотталушының денсаулығына қатысты анықтамасы болған күннің өзінде жазадан құтылып кетуі екіталай екенін айтты. Сөзінше, жауапкершіліктен босату не босатпауды сот шешеді. Ал оған дейін азаматтардың денсаулығын тексеруге жаңадан құрылатын арнайы топ жауапты болады. 

«Анықтама болса болды, жауапкершіліктен немесе жазадан босатылады, қоғамда қайтадан қылмыс жасайды деген қате түсінік болады. Қоғам дұрыс түсіну керек. Егер мерзімінен бұрын жазадан босатылып, бірақ жазылып кететін болса, қылмыстың мерзімі бітпесе, қайтадан түзеу мекемесіне кетеді», – деді заңгер Бағдат Амандосұлы.

Айта кетейік, ауруына байланысты жеңілдік барлық сотталушыға бірдей қарастырылмайды. Адам өлтіріп, қыз зорлағандар және топ болып бұзақылық жасағандар медициналық сараптама тағайындалмастан заң алдында жауап береді. Жоба 5 қыркүйекке дейін қоғам талқысына шығарылды. Көпшілік қолдаса, келесі айдың аяғында күшіне енбек.

Диана Тұрлыбек, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде күйеуі ауыр соққы жасаған әйел ауруханада көз жұмды

Новости партнеров