Ғимарат 3 жыл бұрын жергілікті билікке өтіп, апатты деп жабылып қалған
Таразда 4 мыңнан аса тұрғыны бар Түрксіб елдімекенінде спорт кешені жоқ. Ауыл балалары қалаға барып шынығуға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Түрксіб шағынауданындағы нысан 1980 жылы мәдениет үйі ретінде пайдалануға берілген. Одан жекенің меншігіне өтіп, қараусыз қалған. Кейіннен иесі спорт секциясы үшін ғимаратты ауыл балаларына пайдалануға беріпті. Бірақ ғимарат 3 жыл бұрын жергілікті билікке өтіп, апатты деп жабылып қалған.
«Спорт мектебі ашық тұрғанда жақсы еді. Кішкентай балалар доп ойнап, шынығатын, жауып тастады. Құлап тұрған ештеңесі жоқ, 2-3 жыл бұрын жөнделген. Бірақ 1 жылдан кейін апаты ғимарат деп жауып қойды», – деді қала тұрғыны Смайыл Әбдірайымов.
Қазір ауыл балалары қалаға қатынап спортпен шұғылдануға мәжбүр. Мектеп жабылған соң кейбір бапкерлер де кетіп қалған. Жұрт әкімдіктен ескі ғимаратты жөндеп берсе «тек спортшылар үшін емес, барлық тұрғындар үшін жақсы жаңалық болар еді» дейді.
«Бұзудың қажеті жоқ, қайтадан қалпына келтіріп берсін. Ішінде кітапхана, балалар қосымша оқитын сабағына, биіне, ағылшын, спорт дегендей, бізге сол жетеді», – деді қала тұрғыны Балқия Тілеубердиева.
Ескі нысанды 2023 жылы Спорт басқармасы балансына алған. 1 жыл өткен соң құрылыс басқармасына өтіпті. Ал ондағылар былтыр 15 миллион теңге бөліп, жаңа нысанның жобалық-сметалық құжатын жасаған.
«Алдағы облыстық мәслихаттың нақтылауында бюджеттік өтінім ұсындық. Қаржы бөлінген жағдайда басқарма тарапынан құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргіземіз. Екі қабатты ғимарат. Оның ішінде бокстан, дзюдодан, баскетболдан және стол теннисінен жаттығулар болады. Ауысымына 30-40 баланы қабылдайды», – деді Жамбыл облыстық құрылыс басқармасының бас маманы Асылхан Ердалиев.
Жауаптылар ескі нысанды бұзбайтынын жеткізді. Тек жанындағы бос аумаққа жаңа ғимарат салып бермек. Алайда нысан құрылысына қомақты қаражат қажет. Ал оның қашан бөлінері белгісіз.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан
Оқи отырыңыз: Жеңіл жаза тағайындаңызшы: Ернар Жиембай сотта соңғы сөзін айтты