Спорт саласындағы өзгерістер: 8 млрд теңгеден астам қаражат үнемделді

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Жаңа жүйе бойынша бір баланы спорттық даярлауға бөлінетін жылдық қаржы 415 мың теңгеге дейін өсті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда спорт саласын реформалау нәтижесінде 8 млрд теңгеден астам қаражат үнемделді. Үнемделген қаржы балалар мен жасөспірімдер спортын, спорт инфрақұрылымын және басқа да басым бағыттарды дамытуға жұмсалады. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Министрдің айтуынша, биыл балалар спортын қолдауға бағытталған жаңа заң қабылданып, бір баланы спорттық даярлауға бөлінетін жылдық қаржы 233 мың теңгеден 415 мың теңгеге дейін ұлғайтылған. Ал 2025–2028 жылдары жаңа жүйені іске асыруға 76,7 млрд теңге қарастырылған.

Сонымен қатар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаттықтырушы-оқытушыларға кәсіби шеберлігі үшін 30% мөлшерінде қосымша ақы белгіленген.

Реформа аясында 160 спорт түрінің ішінен Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының бағдарламасына енген 67 басым спорт түрі айқындалды. Оларды іріктеу кезінде өңірлердің географиялық ерекшеліктері мен спорт инфрақұрылымының мүмкіндіктері ескерілген.

Бұдан бөлек, кәсіби спортты қаржыландыру тәртібі өзгерді. Заңнамаға сәйкес, легионерлерге бюджет қаражаты есебінен қаржы бөлуге тыйым салынды.

Қазақстанда 8,5 млн адам спортпен тұрақты айналысады

Қазір елімізде 8,5 млн адам дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысады. Оның 3 млн-нан астамы – ауыл тұрғындары. Осылайша, спортпен жүйелі түрде шұғылданатын халықтың үлесі 44,5%-ға жеткен.

Министрлік мәліметінше, Дене шынықтыру мен спортты дамыту тұжырымдамасына сәйкес, 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 50%-ға жеткізу көзделген.

Елімізде жыл сайын түрлі деңгейдегі 25 мыңнан астам бұқаралық спорттық іс-шара өткізіледі. Оларға 1,2 млн адам қатысады. Оның 500 мыңнан астамы – ауыл тұрғындары.

Оқи отырыңыз: Қазақстан туризмді дамыту бойынша халықаралық рейтингте 56-орынға жайғасты