Қазақстан туризмді дамыту бойынша халықаралық рейтингте 56-орынға жайғасты
Туристік өңірлерде жол, электр және су инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүргізілуде
Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның Саяхат және туризмді дамыту индексінде 110 елдің арасында 56-орынға тұрақтады. Халықаралық рейтинг туризм саласының даму жағдайын бес негізгі бағыт бойынша бағалайды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Министрдің сөзінше, Қазақстан рейтингте Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстаннан жоғары орналасқан. Сонымен қатар көрсеткіштер туризм саласында әлі де назар аударуды қажет ететін бағыттарды анықтаған. Олардың қатарында экологиялық тұрақтылық, құрлықтағы инфрақұрылым, туристік сұраныстың тұрақтылығы және мемлекеттік саясаттағы туризмнің басымдығын арттыру бар.
Туристік өңірлерде инфрақұрылым жаңартылып жатыр
Туристік әлеуетті арттыру үшін еліміздің бірқатар өңірінде инженерлік желілер мен автомобиль жолдарын салу, жағалауды бекіту және көлік қатынасын жақсарту жобалары жүзеге асырылып жатыр.
Абай облысында құны 7,9 млрд теңге болатын «Алакөл – Көктал» электр желісінің құрылысы жүріп жатыр. Жетісу облысында Алакөл жағалауын бекіту жұмыстары жүргізілуде.
Алматы облысында Қайыңды көлі мен «Көшпенділер қаласы» туристік нысанына апаратын жолдар салынған. Шығыс Қазақстан облысында Рахман қайнарына дейінгі 13 шақырым жолға асфальт төселіп, таулы аймақтағы айналма жол ашылған. Министрдің айтуынша, бұл жол Катонқарағай, Бұқтырма және Алтай бағыттарымен жыл бойы қауіпсіз қатынауға мүмкіндік береді.
Қарағанды облысында Балқаш – Тораңғылық магистральдық су құбырының құрылысы жалғасып жатыр.
Оқи отырыңыз: Биыл шетелдік туристер Қазақстанда қанша қаржы жұмсады