Сталкинг: мегополисте биыл 4 қылмыстық іс тіркелді

10.03.2026 17:00

Нұржан Мақсатовтың айтуынша, Алматыдағы нәзік жандылардың қауіпсіздік деңгейі әзірге орташа деңгейде бағаланады

«Алматы – әйелдер үшін қауіпсіздігі орташа деңгейдегі қала». Бұл пікірді нәзік жандылардың құқығын қорғайтын заңгер Нұржан Мақсатов айтты. Маманның пікірінше, Еуропа мемлекеттерінде бұрымдылардың құқығы тек Конституциялық деңгейде ғана емес, өзге де заңнамалық тетіктер арқылы жан-жақты қорғалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елімізде соңғы жылдары әйелдердің құқығын қорғау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, өткен жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақстанның Қылмыстық кодексіне «сталкинг» ұғымы енгізілді. Енді нәзік жандыларды еркінен тыс аңду заң бойынша қадағаланады. Мұндай құқықбұзушылық жасаған азамат 50 тәулікке дейін қамауға алынып, 200 сағат қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін.

Айта кетейік, жыл басынан бері сталкинг дерегі бойынша 4 қылмыстық іс тіркеліпті.

«2025 жылдың қыркүйек айынан бастап сталкинг термині қылмыстық кодекске енгізілді. Қылмыстық кодекстің 115-1 бабына сәйкес, жауапкершілік көзделген. Қазіргі таңда көбінесе әйелдер қауымы осы құқықбұзушылық бойынша көп шағымданады, полиция қызметкерлері жұмысын атқарып жатыр. Болашақта ондай қылмыстың саны азаяды деп үміттеміз.Әйелдердің қауіпсіздігі біздің қолымызда», – деді ПД Профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бөлім бастығы Дәурен Майлықбаев.

Ал әйелдер құқығын қорғайтын заңгер Нұржан Мақсатовтың айтуынша, Алматыдағы нәзік жандылардың қауіпсіздік деңгейі әзірге орташа деңгейде бағаланады. Оның сөзінше, мегаполисте әсіресе 18 бен 24 жас аралығындағы қыз-келіншектер сталкингке жиі ұшырайды. Дегенмен соңғы жылдары заңнамалық тұрғыда бұрымдылардың құқығын қорғауға бағытталған шаралар күшейіп, тиісті заңдар да қатаңдай түскен.

«Ол ең бастысы отбасылық зорлық зомбылық қатысты прфилактикалық заңның күшейтілуі. 2026 жылдың 3 декадасында шыққан заң «сталкинг» туралы заң. Ол да бір үлкен мәселе болатын. Қыз алып қашуға байланысты заңды қатаңдату қоғамның, үкіметтің, мемлекеттің әйелдер мен қыздардың құқығын қорғауға бағытталған жалпы стандарттары деп айтар ем», – деді заңгер Нұржан Мақсатов

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, елімізде 10 миллион 488 мың әйел тіркелген. Соның шамамен 1,2 миллионы алып шаһар Алматыда тұрады. Ал жаңа Конституция жобасында дәл осы нәзік жандылардың қоғамдағы орнын айқындау, отбасы құндылықтарын сақтау және гендерлік теңдікті нығайту мәселесіне айрықша көңіл бөлінген.

Мәди Мәлік. Хангелді Ахментханов

Оқи отырыңыз: Алматыда қайталама шикізат жинауға арналған эконауқан өтті