Сталкинг: «жай мазалау» саналған әрекеттер қалай қылмысқа ұласады - маман пікірі

17.03.2026 19:52

Алматының құқық қорғау органдарына азаматтардың ізіне түсіп, аңду жағдайларына қатысты жолданатын арыз-шағымдар саны артқан. Сәйкесінше, сталкинг үшін жауапкершілік күшейіп, бұған дейін «жай мазалау» саналған әрекеттер қылмыс ретінде қаралып жатыр. Мәселен, бір ғана Медеу ауданының өзінде үш бірдей қылмыстық іс сотқа жолданған. Нәтижесінде, күдіктілердің бірі кінәлі деп танылып, ол 100 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылған. Мұндай әрекеттер үшін заңда айыппұлдан бастап, қамауға дейінгі жаза қарастырылған. Ал сталкинг нақты қандай әрекеттерден басталады және жәбірленушілер өзін қалай қорғай алады?

Осы және  өзге сұрақтарға «Алматы» телеарнасының студия қонағы Медеу ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Мәлікаждар Шәріп жауап береді.

– Мәлік Әкімжанұлы, қандай әрекет сталкинг болып саналады?

«Сталкинг – негізінен адамның әрекеті «жай мазалау» шегінен шығып, жүйелі түрде қайталанып, жәбірленушінің еркіндігіне, жеке өміріне, қауіпсіздігіне нақты қауіп төндірген қылмыс. Мысалға келтірсек, үнемі хабарлама жазу, қоңырау шалу, артынан аңду, қорқыту немесе қысым көрсету, жәбірленушінің анық қарсылығына қарамастан әрекетті жалғастыру».

– Сталкинг көбіне әлеуметтік желі мен мессенджерлер арқылы жасалады. Мұндай жағдайда құқық қорғау органдары дәлелдерді қалай жинайды? 

«Құқық қорғау органдары негізінен хат алмасулардың скриншоттары мен толық көшірмелерін, аккаунт деректерін, ID, тіркелу мәліметтері, байланыс операторларынан қоңырау шалу тарихы, IP-мекенжайлар арқылы тұлғаны анықтау және платформалардан, әлеуметтік желілерден ресми сұрау арқылы ақпарат алады. Ең маңыздысы жәбірленуші барлық дәлелдерді осы хабарламалар, жазбалар, қоңыраулар тарихын сақтап, құқық қорғау органдарына уақтылы жүгінуі қажет».

– Көпшілік  «тек жаздым немесе қоңырау шалдым» деп ойлайды. Бірақ мұндай әрекеттердің өзі қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін емес пе? Мұны қалай ажыратамыз?

«Иә, мүмкін. Егер де осы әрекеттер қайталанатын және жүйелі түрде болса ғана. Жәбірленуші оны тоқтатуды талап етсе, бірақ соған қарамастан, әрекетін қайта-қайта жалғастырса, сондай-ақ оның тарапынан мазасыздық, қорқыныш немесе психологиялық қысым туындаса, қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қарастырылуы мүмкін. Яғни, ниет «жай ғана жазу» болғанымен, оның салдары мен қайталануы заң алдында маңызды болып саналады».

– Сталкинг үшін қандай жаза қарастырылған? Осыған тоқталып өтсеңіз. Сосын, бұл норма азаматтардың қауіпсіздігін қорғауға қаншалықты көмектеседі деп ойлайсыз?

«Сталкинг үшін жаза құқық бұзушылықтың ауырлығына байланысты. Ол – айыппұл, қоғамдық жұмыстарға тарту және бас бостандығын шектеу жазалары колданылады. Бұл нормалардың негізгі мақсаты – азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмауын қамтамасыз ету және қауіпсіздігін қорғау. Практика көрсеткендей, заң нормалары алдын алу әсерін береді, жәбірленушілерді қорғауға мүмкіндік және құқық бұзушыларды ерте кезеңде тоқтатуға көмектеседі».

Оқи отырыңыз: Жалған жарнама: Шымкентте жұмыс іздеген қыз жеңгетайлардың құрбанына айналды