Стоматологиядағы тренд: ғалымдар тіс протезін жасаудың тың тәсілін таныстырды

05.06.2026 18:24

Іс-шара медицина ғылымдарының докторы, профессор Құбейсін Алтынбековтің 70 жасқа толу мерейтойына орай ұйымдастырылды

Almaty.tv

Алматыда Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде ортопедиялық стоматология саласындағы өзекті мәселелерге арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Іс-шара медицина ғылымдарының докторы, профессор Құбейсін Алтынбековтің 70 жасқа толу мерейтойына орай ұйымдастырылды. Жиынға 16 университеттен келген сала мамандары, студенттер, докторанттар мен резиденттер қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінде стоматологиядағы заманауи трендтерді қолдану өрісі артып келеді.

«Мақсат – студенттерге, резиденттеріміз мен докторанттарға ақпарат беру. Халықаралық мемлекеттер арасындағы байланысты нығайту», – деді С. Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Ортопедиялық  стоматология кафедрасының меңгерушісі Құбейсін Алтынбеков.  

Жиынға Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия мен АҚШ-тан келген жетекші мамандар қатысты. Басқосуда стоматология саласындағы цифрлық технологиялар, имплантология және жасанды интеллекті қолдану мәселелері талқыланды. Басқосу отандық және шетелдік ғалымдардың кәсіби пікір алмасу алаңына айналды. Қатысушылар стоматологиялық білім мен ғылымды дамытуға қатысты ұсыныстарын да ортаға салды. 

«Технология бойынша тіс протездері дайындалып жатыр. Қазақ елі үшін бұл –жаңалық. Сол жаңалықты ғылыми негізделген тәсілдер мен жаңа материалдар ойлап тауып,  жаңа технологияны елге таныстырып жатырмыз», – деді медицина ғылымдарының докторы, профессор Сауырбек Рузуддинов.

Оқи отырыңыз: Алматыда экологиялық акциясы өтті