35 жоғары оқу орны Алматы студенттер лигасында бақ сынап жатыр
Қызу ойын, жанкүйерлер қолдауы, тартысқа толы бәсеке. 35 жоғары оқу орны Алматы студенттер лигасында бақ сынап жатыр. Жігерлі жастар волейбол, баскетбол және футбол ойынында кіл мықтыдан кім мықтыны анықтайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Спортқа ден қойған, белсенділікті арттыруға ұмтылған қыз-жігіттер бұл жолы да тартысты ойын өрнегін көрсетті. Сайыстың үшінші күні 44 команданың ішінде волейболдан Қазақстан Спорт және туризм академиясының ойыншылары топ жарып, алға шықты.
«Қыздар арасында ҚазҰҚПУ-дың қыздары өте мықты. Топ көш бастап келе жатқан – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Ұлдар арасында қазір үздіктердің ішінде Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, одан кейін СДУ университеті бар», – деді Волейбол федерациясының бас хатшысы Ануар Жақыпұлы.
Дода қызығы мұнымен аяқталмайды. Алда әлі 2 ойын күні бар. Ұйымдастырушылар «көрсеткіштегі мәндердің өзгеруі де ғажап емес» дейді Ал волейбол бойынша ақтық бәсекен 25 мамырда өтеді.
Баскетбол командаларының ішіндегі жігіттер тобы бір-біріне дес бермей тұр. Ойынның 4 кезеңінде олар 8 матч өткізді. Ал қыздар жартылай финалда кімдер бақ сынайтынын анықтап алды.
«Осыған дейін UIB, ҚАЗНПУ, АУЭС университетін ұтқан болатынбыз. Ең жоғары университеттердің арасында келе жатырмыз. Лига елімізге өте қажетті, маңызды. Ол жастардың спортқа деген талпынысын, қызығушылығын арттырады», – деді Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ студенті Әлихан Рашидұлы.
Футболдың болашақ жұлдыздары болса, алаңда ойқастап жүріп, қақпаға допты бірінен соң бірін бағыттап жатты. Олар жарысқа жай ғана қатысу үшін емес, жеңісті жұлып әкету үшін жиналған.
«Биыл кубоктан үміткерміз. Студенттер лигасын ұйымдастырып жатқан ұйымдастырушыларға, рахмет! Біздерге мүмкіндік беріп,спортқа баулып жатқанына, рахмет!» – деді жаттықтырушы Нұрбақыт Әленов
Студенттер лигасы сенбі және жексенбі күндері өткізіліп жатыр.
Атап өтейік, игі бастама бұқаралық спортты дамытуға, дарындылардың қабілетін шыңдауға бағытталған.
Рүстем Айткәрім, Рашиддин Якупов
Оқи отырыңыз: Студенттер лигасы: баскетболдан 27 команда бақ сынауда