Студенттерге жатақхана бөлудің бірыңғай цифрлық жүйесі енгізілуі мүмкін

16.09.2026 16:48

Депутаттар студенттер үшін «бір терезе» жүйесін құруды ұсынды

Аlmaty.tv

Қазақстанда студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жүйесін толық цифрландыру ұсынылды. Бүгінгі Құрылтай отырысында депутат Нұргүл Тау Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында мемлекеттік және жекеменшік жоғары оқу орындары мен колледждердің жатақханаларын біріктіретін бірыңғай цифрлық платформа құруды ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланған. Осыған байланысты азаматтардың күнделікті мәселелерін цифрлық құралдар арқылы шешуге мүмкіндік беретін жүйелерді дамыту маңызды.

Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету де осы бағыттағы өзекті мәселелердің бірі. Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегіне сәйкес, 2023–2025 жылдары елімізде 31 463 орынға арналған 113 жатақхана пайдалануға берілген. Нәтижесінде 2026 жылы жатақхана тапшылығы 7,5 мың орынға дейін қысқарған.

Алайда Нұргүл Тау мәселені жаңа жатақхана салумен ғана шектемеу керек екенін атап өтті. Оның пікірінше, студенттің жатақханаға қалай өтініш беретіні, кезектің қалай жүргізілетіні және бос орындар туралы ақпараттың қаншалықты қолжетімді екені де маңызды.

«Мәселенің ендігі кезеңі тек жаңа ғимарат салумен шектелмеуге тиіс. Енді студенттің жатақханаға қалай қол жеткізетіні, кезектің қаншалықты ашық жүргізілетіні және әр орын туралы ақпараттың қаншалықты қолжетімді екені маңызды. Әлемде бұл мәселе цифрландыру тетіктері арқылы оң шешімін табуда.

Мысалы, Нидерланд және Францияда студенттерді баспанамен қамтамасыз ету жүйесі толығымен цифрлық платформаларға, АҚШ және Ұлыбританияда университеттер мен жеке компаниялардың серіктестік үлгілеріне, сондай-ақ Ұлыбритания, Германия және Австралияда арнайы тұрғын үй операторларына негізделген», – деді Құрылтай депутаты Нұргүл Тау.

Депутат ұсынған жүйе мемлекеттік және жекеменшік жоғары оқу орындары мен колледждердің жатақханаларын бір платформаға біріктіруі тиіс. Яғни студент бір жерден өтініш беріп, электронды кезегін бақылап, бос орындар туралы ақпарат алып, онлайн брондау және цифрлық келісімшарт рәсімдеу мүмкіндігіне ие болады.

Сонымен қатар платформада жатақхана орындарын бөлудің ашық алгоритмі қарастырылмақ. Заңнамада белгіленген әлеуметтік басымдықтарды автоматты түрде тексеру арқылы қағазбастылықты азайту, ал қабылданған шешімдерді аудиттен өткізу және шағымдану мүмкіндігін қамтамасыз ету ұсынылып отыр.

«Платформада әрбір өтінім беру тарихын сақтай отырып, электронды кезек, онлайн брондау, цифрлық келісімшарт және жатақхана орындарының нақты уақыттағы есебін ашық көрсету қажет. Сонымен бірге заңнамада белгіленген әлеуметтік басымдықтарды автоматты тексеретін ашық алгоритмдік скорингті енгізіп, қағазбастылықты азайтуды, дербес деректердің қорғалуын, шешімдердің аудитін және шағымдану тетігін қамтамасыз ету керек», – деді Нұргүл Тау.

Депутаттың ұсынысы бойынша 2026 жылдың соңына дейін жатақханаларды цифрландыруға қойылатын бірыңғай архитектуралық және технологиялық талаптар әзірленуі керек.

Ал 2027–2028 оқу жылы басталғанға дейін мемлекеттік және жекеменшік жоғары оқу орындары мен колледждердің жатақханаларын платформаға кезең-кезеңімен толық қосу ұсынылды.

Бұдан бөлек, жүйе арқылы өңірлер мен оқу орындары бойынша студенттердің тұрғын үйге нақты қажеттілігін анықтап, жаңа жатақхана салу мен қолданыстағы нысандарды жаңғырту жөніндегі шешімдерді осы деректермен байланыстыру көзделіп отыр.

Платформаны электрондық үкімет жүйесімен интеграциялау да ұсынылды. Бұл жағдайда талапкер оқу орнына құжаттарын eGov арқылы тапсыру мүмкіндігін пайдаланып, жатақхана мәселесін де бірыңғай цифрлық жүйе арқылы шеше алады.

Оқи отырыңыз: Қала күніне орай 1000 жас суретші бір мезетте Алматыны бейнелейді

Толық көрсету