Ақтау қаласында жылыту маусымына дайындық барысында желілерден 86 ақау шыққан
Ала жаздай ауыз судан тарыққан ақтаулықтар енді жылуға жете алмай әлек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жаннат Бауенова – екі баланың анасы. Бауыр еті баласының денсаулығына алаңдаған ол пәтер ішінде 10 айлық сәбиін қымтап, қырық қабат киім кигізіп қоюға мәжбүр. Себебі пәтер іші суық. 15 қазанда берілуі тиіс жылу 21-үйде 21 қазанда қосылған. Тұрғындардың айтуынша, пәтер ішіндегі радиаторлар қан жылым. Олар қосымша тоқ пеш пайдаланып, салқындатқыштың жылыту режимін қосып қоюға мәжбүр.
"Асханаға газ қосып қойдық. Оның ақшасын кім төлейді? МАЭК-тың түьіртегін тқлеу керек, тоқтың ақшасы тағы бар. Пешті қосқанымен түнімен ұйықтай алмаймыз. Өрт шығуы мүмкін, газдың иісінен бала уаланып қалуы мүмкін", – деді қала тұрғыны Жаннат Бауенова.
Тұрғындар жаз бойы болмаған ауыз су әлі де жоқ екенін жеткізді.
"Сіздер кеткен соң, жылуды сөндіріп тастайды. 13-үйге ауыз су келіп тұр, тек біздің үйде жоқ. Ал неліктен суды алалап береді? Су жоқ емес, су бар. Бұлар қызғанып бермей тұр", – деді қала тұрғыны Гүлжан Қастұрғанова
Үйге қызмет көрсетуші коммуналдық серіктестік» бар мәселе МАЭК пен “Каспий жылу, су арнасы” мекемесінде» дейді. Жауаптылардың айтуынша, үйге қажетті қысыммен жылуды жетпейді. Олар аталған проблеманың жыл сайын осылай қайталанатынын да айтып қалды.
"МАЭК мекемесіне біз хабарластық. Олар 16 қазанда ыстық суды қосты. Тиісті қысыммен жібергенін айтты. Бірақ біздің шағынауданға жердің астында 470 шақырымдық құбырмен келеді. Оған қоса ТҮКШ-ке хат жазып, қысым мөлшерін көрсеттік", – деді қызмет көрсетуші коммуналдық серіктестіктің өкілі Гүлшат Ерғалиева
Айта кетейік, Ақтау қаласында жылыту маусымына дайындық барысында, нақтылай айтсақ гидравликалық сынақ нәтижесінде желілерден 86 ақау шыққан. Оның басым бөлігі жөнделді. Құбырдың бойындағы апаттарды жоюға арнайы бригадалар жұмылдырылып, әлі де ретке келтіру жұмыстары жалғасып жатқан көрінеді. Мұны қала басшысы Әбілқайыр Байпақов кешегі өткен брифингте айтты.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрболатұлы, Маңғыстау облысы
Оқи отырыңыз: Егін жинау науқаны: қай өңірде астық көп жиналды