Президенттің айтуынша, өңір үшін су қауіпсіздігі мәселесі аса өзекті
Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуінде су қауіпсіздігі мен мәдени-гуманитарлық байланыстар туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президенттің айтуынша, өңір үшін су қауіпсіздігі мәселесі аса өзекті.
– Соңғы бес жылда елдеріміз су саясатына қатысты ұстанымдарын жаңғыртты. Су проблематикасының трансшекаралық сипатын ескере отырып, салалық стратегиямызды үйлестіру маңызды деп санаймын. Бұл бір жағынан су үнемдеудің анағұрлым сәтті тәжірибелерін кеңінен тарату үшін қажет. Алдағы уақытта халықаралық стандарттарға сәйкес Орталық Азияның суды пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенциясын қабылдауды ойластыруға болады. Мұндай құжат саладағы бірыңғай жұмыс қағидаттарын бекітіп, ықтимал қарама-қайшылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Келесі жылы сәуір айында Астанада Өңірлік экологиялық саммитімен қатар өтетін Халықаралық Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшыларының жиынында осы тақырыпқа оралып, ұсыныстарды талқылай аламыз. Сіздер аталған іс-шараларға белсенді қатысады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту өңір елдері үшін негізгі басымдық саналады.
Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентін Самарқанд қаласында ЮНЕСКО-ның Бас конференциясын табысты өткізуімен құттықтады.
Президент ортақ тарихи-мәдени мұраны сақтаудың, ұлттық қолөнерді насихаттау және тұрақты түрде бірлескен іс-шаралар ұйымдастырудың маңызына назар аударды.
Кинематография саласында, сондай-ақ заманауи туристік кластерлер құру және жаңа технологияларды пайдалану арқылы Ұлы Жібек жолының мұрасын дәріптеуде біршама іс тындыруға болады.
– Осы салада барынша белсенді әрекет етіп, туризм саясатын өзара тиімді үйлестіретін уақыт жетті деп ойлаймын. Бұған дейін бүкіл өңірге ортақ туристік бағдарларды дамыту туралы ұсыныс айтылған еді. Біз мұндай бастамаларды қолдаймыз. Бұдан бөлек, Орталық Азияның біртұтас туристік брендін ілгерілетуде пәрменді шаралар қабылдауды ұсынамыз. Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісім және Орталық Азия елдерінің бірыңғай туристік кеңістігін қалыптастыру аталған саладағы байланыстарымызды жандандыруға құқықтық негіз бола алады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ташкенттегі Ислам өркениеті орталығынан алған әсерімен бөлісіп, Шавкат Мирзиёевтің аталған мекемені ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілетін ортақ алаңға айналдыру жөніндегі бастамасын қолдады.
Оқи отырыңыз: Күш біріктіру керек: Президент сирек металдарды өңдеу мен жасанды интеллектіні дамыту туралы