Су мен жарық жетіспейді: Ақтауда коттедж қалашығының тұрғындары наразылық білдірді

Кәріз құдықтарының да аузы ашық-шашық жатыр, қақпақтары жоқ

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтауда тұтас бір коттедж қалашығы жағдайға жарымай отыр. "Неше жылдан бері коммуналдық қызмет ақсап, адам құрлы өмір сүруден қалдық" деген азаматтар электр қуатының әлсіздігі мен кәріз құбырларына шағым айтады. Судың жиі өшетіні тағы бар. Ал ең сорақысы, сапасыз қызметке көпшілік заңды тұлғаға арналған тарифпен ақша төлеп отыр екен. Шешілудің орнына, жыл сайын жаңарып жатқан мәселелермен Almaty.tv тілшісі танысып қайтты.

Коттедж қалашығына елдің алды 5 жыл бұрын көшіп келген. Содан бері мұндағылар мәселеден көз ашпапты. Жолдың сыйқы мынау, әр жер ой-шұңқыр. Кәріз құдықтарының да аузы ашық-шашық жатыр, қақпақтары жоқ. Ойын баласы түсіп кету қаупі бар. Сонымен қоса, тоқтың да төңірегінде мәселе жетерлік. Техникалық талаптарға сай жасалмаған. Жиі өшіп, әлсіздіктен тұрмыстық техникалар істен шығады екен.

"Мәселен жаз айларында электр қуаты 220 вольтке дейін жетпейді. Кейде 130 вольтке дейін төмендеп кетеді. Көптеген тұрғынның техникасы істен шықты. Тағы бір мысал, ауыз су мен техникалық суды заңды тұлғаға арналған тарифпен төлейміз. Ол өте қымбатқа шығады. Кәріз жүйесіне де төлейтін тариф сондай", - деді қала тұрғыны Лев Зарецкий. 

"Бүгінгі күні өмір сүруге мүмкіндік жоқ. Көп мәселе шешілмей жатыр. Жер жекеменшіктікі дейді. Жоғарғы органдардан осыған назар аударуды сұраймыз. Біз 5 жылдан бері осы жағдайға көніп келдік. Көше қазір қараусыз қалды", - деді қала тұрғыны Гүлнар Каримова.

Ашынған тұрғындармен кездесуге қала әкімдігінің өкілдері келді. Шенеуніктер құрылыс салушы компания келісімшартта көрсетілген ешқандай міндеттемені орындамаса, тұрғындардың сотқа жүгінуге құқылы екенін түсіндірді. Ал жеке тұлға ретінде коммуналдық қызметке төлем жасау үшін үйді салған және жерге иелік еткен кәсіпкер тиісті құжаттарды әкімдікке өткізуі керек.

"Талабы - инженерлік желілерді Үкіметтің теңгеріміне өткізу. Жеке шоттарын ашып, тарифтерді арзан мөлшерде төлеу. Шешімі сол, құрылыс мекемесі құжаттарын жинап үкіметтің теңгеріміне береді. Ол наурыз, сәуір айларында жүзеге асады. Жиналыста халық пен мекеме басшысын кездестіріп, екеуінің арасындағы келісімшартты қараймыз", - деді қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Бегалы Қожахметов.

Тұрғындар мен әкімдік өкілдерінің келісімімен енді үшжақты кездесу өткізілетін болды. Ал қос тарап аталған мәселені сол жерде реттейміз деді. Әкімдік өкілі кәсіпкер мен тұрғындар арасындағы келісімшарт ортада талқыланып, уәде берген компанияға міндетті істері жүктеледі дейді.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, AlmatyTV, Ақтау

Оқи отырыңыз: "Ағыл-тегіл білімге ие тұлға еді": жазушылар Мұхтар Мағауин туралы

Новости партнеров