Тіршілік нәрінен тарықтық: аптап ыстықта апталап су көрмеген ағайын әкімдік алдына жиналды

22.07.2025 20:05

Алматы облысындағы тұрғындар бір аптадан бері сусыз отыр

200-ден аса үй тамшы суға телміріп отыр. Тіршілік нәрінен қағылып, аптап ыстықта амал таппаған Алматы облысындағы ағайын әкімдік алдына жиналды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әр жаз сайын Панфилов ауылының тұрмысы тұйыққа тіреледі. Өйткені тұрғындар таңмен таласа оянып, бір шүмек суға қарап отыруға мәжбүр. Күн ыссыса, тіршілік нәрі тіптен жоғалады. Қысқасы, ауылда адам көбейгенімен, су жүйесі соған бейімделмеген. Құбыр ескі, қысым әлсіз. Жыл сайын қайталанатын бұл қиындық жұрттың жүйкесін жұқартты. Ал ең қызығы, ағайынның аңқасы кеуіп отырғанда ауылдық окуг әкімі судың бір апта бойы болмағанын бізден естіді. Шенді мәселе тек өткен жексенбіде белгілі болды дегенді алға тартады.

«Бір апта дегенді енді естіп отырмыз. Мен тек жексенбі күні су болмағанын естідім, сол күннен бастап шара қолдандық. Су тапшылығы бар, өйткені құбыр ескі және де халықтың көбейіп жатыр. Бұл мәселе жоба қарастырылып жатыр», – деді Панфилов ауылдық округінің әкімі Дулат Дәулетәлиев.

Ауылдағы су желісін жаңарту жобасы 2016 жылы мақұлданған. Бірақ кейінгі жылдары белгісіз себептермен тоқтап қалыпты. Жиналыс барысында мәселеден хабарсыз болдым деген ауыл басшысы түсірілім тобы алдында халыққа 15 минут ішінде су берілетінін айтып, уәде етті.

«Ең болмаса кір жуып алады, апталап су жоқ болады. Сіздер келдіңіздер, су берді. Ал ертең өшіріп тастаса, таңқалмаймын. Өздерінің қолында тұр», – деді Панфилов ауылының тұрғыны Ұлан Қыдықов.

Әкім сөзінің салмағын білу үшін түсірілім тобы ауылдағы бірнеше үйді аралады. Ғажабы, шүмектен су сылдырай ағып, тұрғындардың қуанышына себеп боды. Бірақ бірден су толтыруға кіріскен елдің еңсесі ерте түсті. Өйткені, арада бір сағат өтпей жатып, тіршілік нәрі тағы тоқтады.

Аптап ыстықтың әлі басылмайтынын ескерсек, Панфиловтағы 200-ден аса үйдің тағдыры талайдың құтын қашырғалы тұр. Тіршілік нәріне телміріп, бір жұтым суға зәру болған ағайын әр шүмекке үңіліп, әлі де үміт үзбей отыр. Ал бұл аумаққа жауапты компания халық шағымын елемей, нақты жауап бермей келген көрінеді.

 «40 градус ыстықта су жоқ. Сумен қалай қинап отыр, білмеймін? Бір айттық, екі айттық, неше жылдан бері айтып келеміз», – деді Панфилов ауылының тұрғыны Маржан Әділбек.

Қазір ауыл жұрты жаңа жобадан үміт күтіп отыр. Округ әкімі Дулат Дәулетәлиев уәде еткендей, сумен қамтамасыз ететін жүйе жыл соңына дейін бітуі тиіс. Ал тұрғындар бұл жолғы уәде құр сөзге айналмай, нақты шешімге ұласқанын қалайды.

Әйкерім Пернебек, Рашидин Якупов, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: СҚО-да азық-түлік бағасы шарықтап барады