Щучинскідегі жойқын жарылыс: қайтыс болғандардың туысына 2 миллион теңгеден беріледі

27.02.2026 14:49

Бурабай аудандық әкімдігі жарақат алғандарға 1 миллион теңгеден материалдық көмек берілетінін мәлімдеді

Щучинскіде жойқын жарылыс болып, 7 адам қаза тапты. Тағы 21 тұрғын түрлі дене жарақатын алған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қайғылы оқиға кеше кешкі ондар шамасында қаладағы дәмханалардың бірінде болды. Жарылыстың арты өртке ұласып, салдарынан ғимараттағы адамдардың денесін күйік шалған. Төрт адам хәл үстінде Бурабайдағы аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Ал денесінің 85 пайызына дейін күйік шалған 6 адам шұғыл санавиациямен Көкшетаудағы облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді.

«Науқастардың жағдайы өте ауыр. Бізге жеткізілгенде денелерінің басым бөлігін күйік шалып келді. Қазіргі уақытта барлық ем-дом шарасы жасалып жатыр. Реанимацияда дәрігерлер науқастарға көмектесу үшін бар күш жігерін салуда», – деді облыстық Көпбейінді ауруханасы директорының орынбасары Дмитрий Чайков.  

Күлі көкке ұшқан дәмхананың ішінен 5 газ және 2 оттегі баллоны шығарылған. Қайғылы жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалды. Апаттың себебі анықталып жатыр. Бурабай аудандық әкімдігі қайтыс болғандардың туыстарына 2 миллион теңгеден, ал жарақат алғандарға 1 миллион теңгеден материалдық көмек берілетінін мәлімдеді.

Оқи отырыңыз: Жұмысынан айырылған қанша адамға әлеуметтік төлем төленді