Щучинскідегі жойқын жарылыс: ауруханада тағы 2 адам қаза тапты

03.03.2026 18:45

Ақмола облысының прокуратурасы жарылыс болған дәмхананың иесі ұсталғанын хабарлады

Щучинскідегі дәмханада болған жарылыстан қаза тапқандар саны 9 адамға жетті. Бұл туралы Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бір науқас кеше кешкісін, екіншісі бүгін түсте көз жұмған. Дәрігерлер олардың өмірі үшін күрескенімен, аман алып қалу мүмкін болмапты. 

«Екі науқастың жағдайы өте қиын болды. Бүкіл реанимациялық және дәрігерлік көмек көрсетілді. Өкінішке қарай, екі науқастан айырылып қалдық», – деді Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек.

Осы іске байланысты Ақмола облысының прокуратурасы жарылыс болған дәмхананың иесі ұсталғанын хабарлады. Мәліметінше, оған «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан» жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалыпты. Аталған бапқа сәйкес, кінәлі тұлға бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Еске салайық, 26 ақпанда Щучинскідегі дәмханада болған жарылыс салдарынан бірнеше адам қаза тауып, 21 адам түрлі дәрежеде жарақат алған еді.

Оқи отырыңыз: Алматыда 600-ге жуық адам қызылша жұқтырған