Шомылу маусымы: Ақтауда қауіпсіздік ережесін елемегендерге айыппұл салынып жатыр

Рейд барысында мамандар Каспий жағалауында заң талаптарын бұзған 33 деректі тіркеп үлгерген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазір Каспий теңізіне шомылып жатқандардың қарасы қалың. Мұнда өңір тұрғындарынан бөлек, өзге аймақтардан және шет мемлекеттерден ел ағылады. Көк айдында қайықпен қыдыратындар да аз емес. Жағалауда катерлер мен скутердің түр-түрі бар десек, олардан төнер қауіп те қазір бас ауыртар мәселеге айналды. Бұл мақсатта арнайы тексеру жүргізетін топ жұмыс істейді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қазір мұндағы құтқарушылар бұрынғыдай құрлықта тұрып, жағалауды күзетумен шектелмейді. Жасақ құрамындағы сүңгуірлер су ішінде жүріп, жабдықталмаған орындарда шомылғандарды анықтауға қауқарлы. Егер рұқсат етілмеген жерде суға түсіп жүріп, кенеттен беті тұмшаланған сүңгуірді көрсеңіз, су перісін көргендей үрейленіп қалмаңыз! Ол – судан құтқарушы. Шама келсе, оларға да кезікпегеніңіз абзал, айыппұл арқалап кетуіңіз әбден мүмкін.

«МО ТЖД  басшылығының тапсырмасымен теңіз акваториясында облыс бойынша 33 бекет орнатылды. Суға түсуге тыйым салынған үш орын бар: Шора каналы, МАЭК каналы, сонымен қатар ел аузында жүрген Таразик жағалауы. Тасты жер, толқын қатты соғады. Ол жерлерге суға түсуге болмайды. Яғни, облыс әкімінің қаулысымен бекітілген тыйым салынған жерлер болып саналады», - деді Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Бауыржан Оңғарбаев.

Күнделікті тексеруде жүрген арнайы топ та осал емес. Құрамында Полиция мен Төтенше жағдайлар департаменті, Теңізден құтқару жасағы, прокуратура және Көліктік бақылау инспекциясының қырағы мамандары бар. Техникалары да мықты. Жылдамдығы күшті катер, скутермен қамтылған топпен бірге біз де рейдке шығып, көпшілікті көк айдында қыдыртатын су көліктерін тексердік. Басты талап - қайықтағы капитаннан бастап, қыдырушыларға дейін қауіпсіздік жилетін киіп жүру. Десе де, бас амандығын басты мәселе санамайтын салғырт кәсіпкерлер көп екен. 

«2025 жылғы суға шомылу маусымы ашылғалы бері төтенше жағдай қызметкерлерімен бірлесе жұмыс атқарып келе жатырмыз. Кейбір азаматтар сол ескертулерді елеместен суға түсіп жатыр. ҚР  ӘҚБтК 364-бабын, яғни ортақ су пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жазаға тартылатынын ескертеміз», - деді Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Нұрлан Рахаев.

Осыдан бірнеше күн бұрын қауіпсіздікке мойынсұнбайтын кәсіпкерлер анықталған еді. Рейд барысында мамандар су айдындарында заңды талаптарды бұзған 33 деректі тіркепті. Оларға департамент өкілдері айыппұл салған.

Жалпы, суға түсу маусымы басталғалы 2 жасөспірім Каспийдің құрбаны болғанын еске салайық. Ал тағы 7 адам ажал құша жаздаған.

Айта кетейік, профилактикалық шаралар шомылу маусымы аяқталғанға дейін жалғасатын болады.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Ақтаудан

Оқи отырыңыз: СҚО-да 19 ауыл ішімдіктен толықтай бас тартты

Новости партнеров