Су ресурстары – елдің ұлттық қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығының басты факторы
Еліміздің кей өңірлеріндегі су тапшылығы мамандарды алаңдатып отыр. Сарапшылардың болжамынша, егер қазіргі тұтыну деңгейі мен пайдалану тәсілі өзгермесе, 2040 жылға қарай су жетіспеушілігі 12 текше шақырымға дейін жетуі мүмкін. Қазірдің өзінде жыл сайын шамамен 1 текше шақырым тапшылық байқалады. Тек ауыл шаруашылығындағы шығын жылына 1 миллиард текше метрден асып отыр. Үкімет суды бейберекет пайдаланатын фермерлер мен бизнес өкілдеріне қатысты қатаң заңнамалық тетіктерді іске қоса бастады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Су ресурстары – елдің ұлттық қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығының басты факторы. Алайда соңғы статистикалық мәліметтер су балансының дефицит аймағына қарай қарқынды жылжып жатқанын айғақтайды. Тұтыну деңгейінің өсуі мен климаттық өзгерістер басты ресурстың заңсыз әрі тиімсіз жұмсалуымен ұштасып, жүйелі дағдарыс туғызуға жақын. Мамандардың айтуынша, мәселе қарапайым күнделікті тұтыну дағдысында. Краннан сылдырап аққан тіршілік көзі сарқылмайтындай қолданылады. Ал ауыл-аймақта тапшылық қазірдің өзінде сезіледі. Үнемдеу тетіктері қазірден қарқын алмаса, су тапшылығы алдағы 15 жылда 12 текше шақырымға дейін жетеді деген болжам бар.
«Қаншама адам қиналып жүр, сусыз өмір сүретіндер бар. Сондықтан үнемдемесек, зар болып қаласың», – деді тұрғын.
«Әрине, суды үнемдеу қажет. Ол – біздің міндеттіміз», – деді тұрғын.
«Қажетке жаратамыз. Қажет емес болса, үнемдейміз. «Судың да сұрауы бар» деген қазақ», – деді тұрғын.
Алматыда жаз маусымында орташа есеппен 900 мың текше метр тұщы су таратылады. Мамандардың сөзінше, мегаполистегі тіршілік көзінің негізгі бөлігі жер үсті көздерінен алынады. Қызығы, ресурстың 85 пайызға жуығын тұрғын үйлер мен жекеменшік сектор пайдаланады. Ал бизнес нысандары мен заңды тұлғалар тіршілік нәріне халыққа қарағанда 2-3 есе жоғары тарифпен төлейді. Бұл кәсіпкерлерді суды үнемдеуге мәжбүрлейтін негізгі тетіктің біріне айналып отыр. Алматыда тіршілік нәрін қайта айналымға жіберетін жүйелерді енгізу жұмысы күшейген. Мәселен автокөлік жуу орындары арнайы сүзгілеу құрылғыларын орнатып, бір рет пайдаланылған суды қайта қолдана бастады. Мамандар мұндай технологиялар таза су қорын сақтауға айтарлықтай көмектесетінін айтады.
«Су тұтынуды азайтып, су ресурстарын үнемдеу үшін бірнеше бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның ең негізгісі - есептегіш құралдарын орнату. Әсіресе деректі қашықтан жіберетін «ақылды» есептегіштерге көшу маңызды бағыттың бірі саналады. Бұл бойынша қолданыстағы заңнама мен арнайы мемлекеттік бағдарлама бар. Қазіргі жекеменшік сектор мен көпқабатты үйлердегі тұрғындардың шамамен 80 пайызында ғана су есептегіш құралдары орнатылған. Біздің міндет – жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 90 пайызға жеткізу. Екінші бағыт — тұрмыста және өндірісте суды үнемдеу», – деді «Алматы Су» МКК департаментінің директоры Серік Шағыров.
Еліміздегі су ресурстарының 65-70 пайыздан астамы аграрлық сектордың еншісінде. Оңтүстік өңірлерде әлі де қолданылатын «жабайы суару» әдісі ресурстың тиімсіз жұмсалуының басты себебі болып отыр. Бұған қоса, елде су қауіпсіздігі геосаяси факторларға тікелей тәуелді. Тұтынылатын тіршілік көзінің 40%-дан астамы трансшекаралық өзендер арқылы келеді. Сондықтан көрші мемлекеттердің де ішкі тұтыну көлемін арттыруы Қазақстанға келетін ағынды айтарлықтай шектеп отыр. Қалыптасқан жағдайға байланысты Үкімет су саясатын реттеудің жаңа тетіктерін енгізе бастады.
«Бес облысқа келетін болсақ, су қоймаларында 26 млрд метр куб су жиналған. Былтырғы көрсеткішке қарағанда 1 млрд су артық жиналды. Бірақ алдағы кезеңде жазғы кезеңде судың шет мемлекеттерден келіп түсуі азаю мүмкін. Сондықтан су пайдалану лимиттері бекітілген болатын. Су тапшылығын жоюдың бірден-бір себебі –қара нарықпен күресу. Судың заңсыз пайдалануын шектеу. Қазіргі кезде инспекция мамандары жұмыс жасап жатыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша су үнемдеу технологияларын қолданған алқаптар 543.5 мың гектарды құрап, нәтижесінде 874 миллион метр куб суару суын үнемдеді», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі басқармасының басшысы Ғалымжан Қамбарбеков.
Мемлекет су үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға басымдық бере бастады. Жаңа Кодекс аясында мекемелер мен кәсіпорындарға автоматтандырылған есептегіш құралдарын орнату талабы қойылып жатыр. Сонымен қатар су үнемдеу технологиясын енгізбеген шаруаларға субсидия көлемі қысқартылуы мүмкін. Мамандардың пікірінше, тіршілік нәрінің қадірін тапшылық басталғанда емес, дәл қазір түсіну маңызды.
Әйкерім Пернебек, Ялкунжан Әшімжанов, Данияр Омар
Оқи отырыңыз: Аға буынға қолдау: зейнетақы жүйесіндегі негізгі бағыттар қандай