Суғару маусымы қалай өтті - министрлік есеп берді

25.09.2024 15:52

Иесіз қалған су шаруашылық нысандар мемлекеттік меншікке қабылданды

Almaty.tv

Биыл суару маусымында шаруаларға шамамен 11 миллиард текше метр су берілген. Жауапты ведомство былтырғы құрғақшылықтан сабақ алғанын алға тартып, осы жылы олқылыққа жол берілген жоқ деп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv

Суармалы су көбінесе оңтүстік аймақтарға таратылған. Қызылорда облысына 3,5 млрд текше метр, Түркістан облысына 3,2 млрд текше метр, Жетісу облысына 1,2 млрд және Жамбыл облысына 1 млрд текше метрден астам су берілген.

"Жұмыс негізгі 3 бағыт бойынша жүргізілді. Біріншісіден, су тасқыны кезінде су қоймалары толтырылды. Соңғы бірнеше жылда алғаш рет 100 пайыз толғандары бар", – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуәлиева.

Су ресурстары министрлігі құрылғалы бері 2 маңызды құжат қолға алды. Алғашқысы – су ресурстарын басқарудың тұжырымдамасы. Құжат бойынша 160-қа жуық шара қарастырылған. Елімізде 42 жаңа су қоймасын салу жоспарда бар. Одан бөлек, 37 су қоймасын қайта қалпына келтіріп, соның арқасында 2 млрд текше метр суды жинау көзделген.

"Су кодексін әзірледік, құжат Мәжілісте қаралып жатыр. Жылдың аяғына дейін қабылдауды жоспарға қойып отырмыз. Ал иесіз қалған су шаруашылық нысандар мемлекеттік меншікке қабылданды", – деді ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.

Оқи отырыңыз: Шахматтан әйелдер құрамасы елге оралды